Елдегі ең қарт көлік жүргізуші Атырау облысында тұрады
Есбол ауылының тұрғыны Сабыр Сүйінғалиевтің жасы биыл 90-нан асты.
Қария жасөспірім кезінде көлік басқаруды үйреніп, содан бері темір тұлпар тізгіндеп келеді.
Сабыр қарияны біз жекеменшік УАЗ автокөлігін жөндеп жатқан жұмыс үстінде кездестірдік. Табиғатынан еңбекке жаралған жан 74 жыл бойы жанына серік болған темір тұлпарларын бабында ұстауды дағдыға айналдырған.
Сабыр Сүйінғалиев, ардагер жүргізуші:
- 16 жасымнан бастап машина айдадым. Ал, заңды Үкіметтің машинасына 1954 жылдан бастап организацияға келдім. Сонан айдап келемін. Мына УАЗ-ға 23 жыл болды өзім айдап, өзім оңдаймын. Ешкімнен ештеңе сұрамаймын. Себебі «сельхозтехникада» қызмет істедім, сонда мотор бақылау механигі болғам.
Темірдің тілін тамыршыдай тап басатын майталман маман әлі күнге дейін автокөліктің қай түрін де тізгіндей алады. Қазір де жекеменшік УАЗ шағын автобусымен ауылдастарына қолқабыс етуден бас тартқан емес. Себебі, еңбектен қалсам, ауырып қаламын,- деп әзілдейді ардагер ақсақал.
Сабыр Сүйінғалиев, ардагер жүргізуші:
- Бұл машинамен өз шаруама шығамын. Сосын қарап тұра алмаймын ауыл егін салады. Соған біреуден сұраса, тіпті еңбек ақы да алмаймын. Барып келейік, салып келейік, бір нәрсе алып келейік дейді, барам. Маған тек бензин құйса болды. Ауыл өзімдікі ғой..
Есбол ауылының тұрғындары жасы ұлғайса да, еңбектен қол үзбей кейінгіге үлгі бола білген Сабыр қарияны мақтаныш тұтады.
Қайырғали Жұмақұлов, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
- Ардагерлердің үлкен бірден-бірі осы-Сүйінғалиев Сабыр ағамыз. 90-нан асқан жасына да қарамай әлі де сапта жүрген азаматтардың бірі. Әлі де қатардан қалмай көлігін жүргізіп, жаз бойы егін шаруашылығына жұмыс қолын тасиды. Жастарға үлгі болатын, соның ішінде ауыз толтырып айтарлықтай тәрбие беретін адам.
Көктемгі-күзгі маусымда егіс алқабын шарлаған Сабыр қария қазір малшы қыстақтарына жолаушы тасиды екен. Міне бүгін де көлігі өзіне сай ардагер аға тағы да кезекті сапарға бет алды.
Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин