БҚО-да 400 адам жаңа мамандық меңгерді
Биыл Батыс Қазақстан облысының 400-ден астам тұрғыны жаңа мамандық меңгерді, деп хабарлайды 24KZ. Мемлекеттік бағдарлама аясында ұйымдастырылған қайта даярлау курстары нарықта сұранысқа ие 37 саланы қамтиды. Мансап орталығы мамандарының айтуынша, қазір өңірде тігінші мен логопед, психолог тапшы.
Елена Солодовникова бұрын кондуктор боп істеген. Аяғын сындырып, бірнеше ай ем алған соң басқа мамандық меңгеруге мәжбүр болған. Мансап орталығы арқылы тігінші курсына түсіп, киім пішуді үйренген.
Елена Солодовникова, тігінші:
- Бес ай бойы ем алғанда жұмыссыз қалдым деп уайымдап жүргенімде қолдау таптым. Оқуда стипендия төленді, артынша бірден жұмысқа орналастым.
Индира Бәбенова оқушылар формасынан бастап спорттық және арнаулы киім тігетін цехты басқарып отыр. Биыл ашқан кәсібіне мамандарды мансап орталығы арқылы тапқанын айтады.
Индира Бәбенова, тігінхана директоры:
- Қазір 13 адам еңбек етеді. Бәрі де бізде үйренген мамандар. Жалпы білікті тігіншіге сұраныс көп. Болашақта өндіріс ауқымын кеңейтуді ойлап жүрміз. Яғни, қосымша адам алуға тура келеді. Әсіресе жастар қызығушылық танытса дейміз.
Жаңа кәсіпті меңгеруге ниет екендерді 12 оқу орны қабылдайды. Мысалы, мына кәсіби біліктілікті арттыру орталығында 30 мамандық бойынша білім алуға болады. Биыл тұрғындарды жұмыспен қамту бағдарламасы аясында 173 адам қайта даярлау курстарынан өткен.
Александра Ягафарова, кәсіби біліктілікті арттыру орталығының директоры:
- Бізге болашақ мамандарды жұмыс беруші жолдайды. Биыл тігіншілерге сұраныс көп болды. Облыстың түкпір-түкпірінен 16 адам жолдамамен келді. Жұмыспен қамту бағдарламасы аясында білім алғандардың арасында қайтарымсыз грант алып, кәсіп ашқандар аз емес.
Айнұр Қазмұқанова, Мансап орталығы директорының орынбасары:
- БҚО бойынша 237 мекемеден қысқа мерзімді оқу курстарын ұйымдастыруға өтініш түскен болатын. Орал қаласы бойынша 36 мекеме. Қысқа мерзімді оқу курстарына тәрбиеші, тәрбиешінің көмекшісі, есепші, қазандық операторы, массажист, логопед сияқты мамандықтарға сұраныстар көбіне түсіп жатыр. Бүгінгі күнге 405 адам оқу курстарына жолданылған болатын.
Биыл 300-ге жуық тұрғын қысқа мерзімді оқу курстарында білім алып, жұмысқа орналасты. Өңірде мамандарды қайта даярлауға 70 млн-нан астам теңге бөлінген.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Альбина Құмарғалиева, Ербол Меңдіғалиев, Болат Жарылғасов.