Оралда бұралқы иттердің саны 25 мыңға дейін жеткен
Орал қаласының Круглоозерное кентінде келер жылы бұралқы ит-мысықтарға арнайы орын салынбақ, деп хабарлайды 24KZ. Қазір 720 орындық тәлімбақтың жобалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Алайда қоғам белсенділері аталған проблема оң шешілеріне күмәнмен қарайды. Өйткені ветеринарлық басқарма мамандарының мәліметінше, қалада бұралқы иттердің саны 25 мыңға дейін жеткен.
Бүгінде қалада 10 411 жануарға чип салынса, соның 2,5 мыңының ғана қожайыны бар, ал 8 мыңға жуығы арнайы клиникада биозарарсыздандырылған соң еркіндікке қайта жіберілген ит-мысықтар екен. Су тасқынынан кейін саяжайлардан мыңдаған отбасының қоныс аударуы да иесіз жануарлар санын күрт көбейткен.
Жыл басынан бері қалада 1214 адамды ит қапқан. Бүгін қала басшылығы үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесіп, мәселенің түйінін тарқату жолдарын талқылады.
Ирина Рыскина, ветеринарлық орталық директоры:
- Зооқорғаушылар қанша қарсы болса да, бұралқы иттердің санын азайтпай болмайды. Қазір қаңғыбас иттер топ-тобымен жүр. Аңшылар қаланың айналасында жабайы аң-құс қалмағанын айтады. Оларды кастрация жасаған соң қайта бостандыққа жіберу дұрыс емес. Заңның олқы тұсы – осы. Ертең 720 орындық тәлімбақ салған күннің өзінде ол бір айда толады. Бәрібір іріктеп, эвтаназия жасауға тура келеді.
Аслан Тапишев, Орал қаласы әкімінің орынбасары:
- Иттердің шоғырланып, қауіпті жағдай туындап отыр. Көптеген халықтар арасында арыз-талаптар туындап жатыр. Осы орайда үлкен жиын өтті. Жақсы бір қуантарлық жағдай коғам белсенділері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп өзінің көмегін ұсынып отыр. Әрі қарай да жұмыс тобын құрып, бірлесіп жұмыс атқаруға.