2025 жылы Қызылордада жаңа жылу электр орталығы іске қосылады
Қызылордада келер жылы жаңа жылу электр орталығы пайдалануға беріледі, деп хабарлайды 24kz.
Бұл қаладағы көпқабатты үйлерді ыстық суға қосуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар өңірде Қызылорда – Жезқазған тасжолының құрылысы аяқталып, бірнеше әлеуметтік жоба іске қосылады.
Қызылорда облысы екі жыл бұрын өңдеу өнеркәсібі бойынша ел аумағында 11-орында болған. Ал қазір көшбасшылар қатарында. Өңірде ірі деген 31 инвестициялық жоба жүзеге асты. Солардың бірі – энергия үнемдейтін шыны өндірісі. Бұдан бөлек, заманауи жылу электр орталығы салынып жатыр.
Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:
- 215 млрд. теңгеге «Aska Energy» түрік компаниясының жобаны жүзеге асыруымен ЖЭО құрылысы салынуда. Бұл – еліміздегі жеке қаржыға салынып жатқан ең алғашқы ЖЭО бірі. Ол 240 мВт электр энергиясын шығарады.
Қазір елді мекендердің 98%-і сапалы ауызсумен қамтылған. 78%-і табиғи газ тұтынып отыр. Қызылордада жаңа ықшам аудандар бой көтеріп, әлеуметтік нысандар салынып жатыр.
Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:
- Заманауи үлгідегі автовокзал ғимараты салынды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыс орталығынан 900 оқушыға арналған мектепті аштық. Қызылорда қаласында 2 млрд 500 млн теңгеге заманауи үлгідегі 350 орындық оқушылар сарайы пайдалануға берілді. Жаңадан облыстық қан орталығы салынды.
Келер жылы қалада перинаталдық орталық пен «Қызылорда Арена» кешенінің құрылысы басталады. Одан бөлек, шығармашылық академия, дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты мен музыкалық колледж салынады.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Райхан Тәжібаева