Павлодар облысында мал ұрлығы өршіп тұр

Жақында Ақсу ауылдық округі аймағында 25 жылқы ұрланды.

Қазір полицейлер жедел алдын алу шарасын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар тәртіп сақшылары жол бойында қараусыз жүрген 250 жылқыны айыппұл тұрағына қамады. Жалпы биыл өңірде малдың қатысуымен 17 жол-көлік апаты болып, 3 адам көз жұмды.

Луганск ауылының учаскелік инспекторы Бақыт Сүлейменов тұрғындарға малды қараусыз жіберудің қауіпті екенін түсіндіріп жүр. Жақында ол қараусыз жол бойында жүрген бір табын сиырды айып тұрағына қамады. Олардың иесін мал дәрігері анықтап берді.

Марат Келдібеков, ветеринарлық пункт меңгерушісі:

- Малдың сырғасында нөмірі жазылады. Соған қарап анықтаймыз. Сиырлардың иесін шақырып алдым. Оның атында 44 бас ірі-қара тіркелген. Мен учаскелік инспекторға ақпарат жағынан көмектесемін.

Төрт түлікті бос қоя беретіндерге қарсы әкім де күрес жариялаған. Ауылдағы 5 мыңға тарта малға арнайы жайылым бөлінген. Ал қыста қорада тұрады. Сондықтан қараусыз мал болмауы керек дейді ол.

Вадим Щеглов, Луганск ауылдық округінің  әкімі:

- Ауылдық әкімдік, аудандық полиция бөлімі, мал дәрігері, сонымен қатар ірі ауыл шаруашылық кооперативімен бірге жұмыс істейміз. Бұл біріншіден эстетика. Қараусыз мал ауыл көркін бұзады. Екіншіден қақпасы ашық қалған үйдің ауласына кіріп, мүлкіне зиян келтіреді.

Иесіз мал ұрылардың да оңай олжасына айналады. Мысалы Ақсу ауылдық аймағында жайылымнан 25 бас жылқы ұрланды. Полиция күдіктілерді тез арада тапты. 

Жанна Белялова, полиция департаментінің ресми өкілі:

- Жылқылар Ақсу қаласының ауылдық аймағына қарайтын Жолқұдық ауылының жанында жайылып жүрген табыннан жоғалған. Полицейлер ұрыларды ізін суытпай қолға түсірді. Облыстың төрт тұрғыны оларды сойып, етін Екібастұзға апарып сатпақ болған. Мал ұрлығына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. 

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Бос жүрген малды кез келген ауылдың маңайынан кездестіруге болады. Полиция қызметкерлері оларды айдап апарып айып тұрағына қамайды. Облыс бойынша үш жүзге тарта малды уақытша ұстайтын орын жасақталған. Одан кейін иелерін іздеп тауып, хаттама толтырып, малды бос қоя бергені үшін үш айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салады.

Жақында полициейлер жол бойында жайылып жүрген 250 жылқыны қамады. Шаруа қожалығы жануарларды GPS арқылы бағады. Ол бақташы жалдаудан арзанға түседі. Бірақ барымташылардан қорғай алмайды.

Данат Смағұлов, Павлодар ауданы жергілікті полиция бөлімінің бастығы:

- Әдетте мал далада жайылып жүрген жерінен жоғалады. Адамдар өздері қараусыз қалдырады. Қазір мал ұрлығының алдын алу бойынша рейдтік шаралар өткізіп жатырмыз. Түсіндіру жұмыстарын қоса жүргіземіз. Бос жүрген малды анықтап, иелеріне тапсырамыз.

 Жалпы облыс бойынша жыл басынан бері мал ұрлығының 37 дерегі тіркелді. Төрт түлікті қараусыз қоя берген  екі мыңға жуық адамға әкімшілік айыппұл салынды. Алты мыңдай мал айыппұл тұрағына қамалған. Оның бес мыңы  жылқы. Ал малдың қатысуымен болған 17 жол-көлік оқиғасында 3 адам мерт болып, 25 адам дене жарақатын алған.

 Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков