Бурабайдағы тәрбиеші ағайдың тәлімі

Бурабайда тұратын Арман Досмағанбетовті айналасы «тәрбиеші ағай» дейді.

Ол 13 жылдан бері Щучинск қаласындағы балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істейді. Жүздеген бүлдіршінге тәлім мен тәрбие берді. 

Тәрбиеші Арман Досмағанбетовтың әр сабағы осылай көңілді өтеді. Балғындар да қызыға қатысады. Тіпті кейбір бүлдіршіндер тәрбиеші ағай үшін балабақшаға асығады екен. Ата-аналар да білікті маманның кәсібилігі мен шеберлегіне тәнті.

Мархаба Әбдіуәлиева, қала тұрғыны:

- Бізде басында баламыз балабақшаға барғанда 7 ай бойы жылаған. Уайымдайтынбыз. Енді осы шығын орталыққа келгелі бері бірінші күннен бастап, біз уайымдамай, қорықпай Арман ағайға толықтай баламызды тапсырдық. Жақсы болғасын қызымызды да бердік. Арман ағай тек балалармен емес, біз секілді ата-аналармен де жақсы тіл табыса алады.

Қазір Арман Досмағанбетовтың тобында 20 бала бар. Қыз балаларды жуындырып, киімін ауыстыруға басқа тәрбиешілер көмектеседі. Ал күнделікті сабағы мен ойындарына өзі жауапты.

Арман Досмағанбетов, тәрбиеші:

- Жұмысты таңдауым балаларға деген махаббат деп ойлаймын өзім. Өзім балаларды жақсы көрем. Балалармен ойнағанды, олардың күлкілерін, олардың жақсы әсер алып жатқаны маған үлкен мотивация береді. Әрі қарай жұмыс істеуге итермелейді.

Бүлдіршіндермен жұмыс істеу оңай емес. Сондықтан да тәрбиеші ағай өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайды. Оның еңбегін аудандық білім бөліміндегілер  де ерекше бағалайды.

Гүлсара Бекболатова, аудандық білім бөлімінің бас маманы:

- Негізі этнопедагогика жағына көп көңіл бөледі. Және де ер адамның тәрбие беруі өте маңызды. Себебі біз білеміз көбіне әйел адамдар тәрбие беріді. Ал ер адамның тәрбиесі бір бөлек.

Білімді жастар – ел болашағы. Бөбекжайдағы әр бала ертең білікті маман иесі атанары хақ. Сол себепті оларға осы бастан тәлімді тәрбие беру маңызды. Арман Досмағанбетов осы сөздерді үнемі балғындардың санасына сіңіріп, болашағынан үлкен үміт күтеді.

Арман Досмағанбетов, тәрбиеші:

- Менің бар үмітім осы жастар, балалар. Олар өскеннен кейін үйреткен нәрселерді өмірінде пайдалана білсе, үлкен жеңіс деп ойламын. Мен үшін де абырой болады деп ойлаймын.

Арман Досмағанбетов аймақтағы мектепке дейінгі мекемелерде тәрбиеші болып жұмыс істейтін жалғыз ер азамат. Ол өз жұмысынан еш уақытта  қысылған емес. Керісінше мәртебелі мамандыққа балап, абырой санайды. Алдағы уақытта да сүйікті жұмысымен айналысып, балғындардың жарқын болашағы үшін еңбек етуге сенім білдірді.

Абзал Балтабаев, Виктор Полянный