Бүгін – Мұстафа Өзтүріктің туған күні
Бүгін атақты шығыс жекпе-жегінің хас шебері – Мұстафа Өзтүріктің туған күні. Ыстамбұлда дүниеге келген Мұстафа – қазақ және түрік таэквондосының негізін қалаушылардың бірі.
Ол 1930 жылдары қиын-қыстау кезеңде Қытайдың Алтай аймағына қоныс аударған, кейін Үндістан мен Пәкістан арқылы Түркияға жеткен қазақ диаспорасының өкілі.
Еліміз азаттық алған жылдары атамекенімен алғаш қауышқан қауымның көш басында болған Мұстафа Өзтүрік шын мәнінде қазақтың намысын қайыспай көтерген арда азамат еді. Шетелде туып, жырақта өссе де, қазақы қалпын жоғалтпаған қайраткер жүрген жерінде ұлтын ұлықтаумен болды. Атажұртына оралған ол халқының бел ортасында жүріп, зор беделге ие болды. Өзінің білім-білігін, мол тәжірибесін ұлтының болашағына жұмсады. Жастарды спортқа баулыды.
Абдулуахап Қара, тарих профессоры:
- Мұстафа Өзтүрікті Өзтүрік қылған ол тең спорт емес, халқына деген шексіз махаббатымен ерекшеленеді. Отансүйгіштігімен, патриоттылығымен дараланады. Сол себепті, Қазақстан тәуелсіздік алғанда дереу елге оралып, қызмет істеді. Қазақстан Таэквондо федерациясының негізін салды. Мұстафа Өзтүрік көп қырлы, бір сырлы азамат еді. Ол елім, халқым деген істе көптеген қырлары шықты. Мысалы, Қазақстан тәуелсіздік алмай тұрып Түркияда 1980 жылы екі киноның сценарийін жазып, бас кейіпкер ретінде өзі сомдап, түсірген.
Ұлтын ерекше сүйетін ұлтжанды азамат Мұстафа елге оралған соң таэквондодан республикалық федерация құрып, жеке мектебін ашты. Оның шәкірттері алғаш рет 1992 жылы халықаралық жарысқа қатысып, екі алтын медальмен оралды. Бұл жетістік Мұстефаның спортта ғана емес, шәкірт тәрбиелеудегі шеберлігін де айқындады.
Мансұр Тәйжі, Ыстамбұлдағы қазақ диаспорасының ақсақалы:
- Бауырым Мұстафа Өзтүріктің Қазақстанда Таэквондо федерациясын құрып, жастарға спортын үйретті. Онымен үлкен тәлім-тәрбие үгіт беріп, ақыры өзінің үйреткен балаларын ертіп 1992 жылы Америкада Нью-Йорк қаласына апарып, үлкен көріністерді көрсетіп, қазақтың жалауын желбіретті.
Мұстафа Өзтүріктің есімі ұмытылмақ емес. Оның атында көшелер, шығыс жекпе-жек мектептері бар, шәкірттері жолын жалғап келеді. Жыл сайын Мұстафа Өзтүрік атындағы дәстүрлі таэквондо жарысы өткізіліп, есімі дәріптелуде.