Алматыда Жұмабек Кенжалиннің 70 жылдығына арналған конференция өтті
Алматыда қоғам қайраткері Жұмабек Кенжалиннің 70 жылдығына арналған конференция өтті, деп хабарлайды 24kz.
Ғалым журналистика саласының дамуына елеулі үлес қосып, республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жауапты қызметтер атқарды. «Ақиқат», «Қазақ әдебиеті» басылымдарын, «Қазақ газеттері» серіктестігін басқарған кезеңде саяси менеджмент тәжірибесімен айналысты. Қаламгердің «Шындықты шырақ етіп ұстаңыз», «Елжандылық мұраты және баспасөз беделі» сынды он шақты кітабы жарық көрді. Конференцияда Кенжалиннің «Ұлт рухын ұлықтаған ұрпақпыз» кітабының тұсакесері өтті. Сонымен қатар өзі көп жыл тұрған Панфилов көшесіндегі үйге есімін мәңгі есте сақтау үшін ескерткіш тақта орнатылды.
Әлима Кенжалина, Ж.Кенжалиннің жұбайы:
- Жинаққа еңбектері кірді. Естеліктері кіріп жатыр. Өзінің жарияланбаған мақалалары кіріп жатыр. Үлкен Дастан баламыз бәрін жинақтап, кітап қылып шығарды. Болашақта тағы істері жалғаса берер. Балалар аман болса деп отырмыз
Қанат Әуесбай, Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ журналистика факультетінің деканы:
- Ел азаматының сан қырын байыптау арқылы, сан қырын зерделеу арқылы біз осы журналистика ғылымына қосқан үлесін зерттейміз, зерделейміз.