Алматыда Қазақстан мен Ресей волонтерлік ұйымдарының слеті өтті

Алдағы жылы волонтерлер табиғатты қорғауға бағытталған іс-шараларға басымдық береді. Бұл туралы Алматыда өткен Қазақстан мен Ресей бірлескен волонтерлік ұйымдарының слетінде айтылды, деп хабарлайды 24kz.

Шара екі ел арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуды көздейді. Жиынға еліміздің  Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, сондай-ақ Ресей Федерациясы Президентінің шет елдермен өңіраралық және мәдени байланыстар жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Антон Рыбаков және екі тараптың волонтерлік қозғалыс өкілдері қатысты.

Қазақстан мен Ресей бұрыннан достығы жарасқан елдер. Екі мемлекет арасында іскерлік байланыс, экономикалық алыс-беріс үзілген емес. Бұл жолы екі жақтың волонтерлік ұйымдары Алматыда бос қосып, салаға қатысты ортақ мәселелерді бірге талқылады. Еліміздің Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жиналғандарды алдағы Халықаралық волонтер күнімен құттықтап, мемлекет пен волонтерлік қауымдастық арасындағы серіктестіктің маңыздылығын атап өтті.

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

- Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлер қызметіне үлкен көңіл бөледі. Әсіресе, осы саладағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға баса назар аударады. Бүгін біз Қазақстан мен Ресейдегі волонтерлер қозғалысы қуатты шығармашылық күшке айналып, мейірімді азаматтардың жұдырықтай жұмылуының жарқын үлгісіне, халықтар арасындағы байланыстарды нығайтатын, маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге ықпал ететін қозғалысқа айналды деп сеніммен айта аламыз.

Волонтерлік – адалдыққа, мейірімділікке, еңбекқорлық пен төзімділікке тәрбиелейді. Сондықтан оның қоғамда маңызы зор. Ресей Федерациясы Президенті Әкімшілігінің Шетелдермен өңіраралық және мәдени байланыстар басқармасы басшысының орынбасары Антон Рыбаков волотерлікті жамыту мәслесіне тоқталды. Сондай-ақ ол Қазақстан тарапына осы шараны ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді.

Антон Рыбаков, РФ ПӘ Шетелдермен өңіраралық және мәдени байланыстар басқармасы басшысының орынбасары:

- Бірлескен жобаларды сапалық тұрғыда жаңа деңгейге көтерудегі негізгі бастамашылардың бірі – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл біз үшін өте маңызды. Қазақстан волонтерлермен жұмыс істеуде үлкен тәжірибеге ие. Біз бұл бағытты толық қолдаймыз және бүгінгі кездесудің маңыздылығы келесі жылы біз жоспарлағандай Ресей мен Қазақстан волонтерлерінің «Тату көршілік» атты толыққанды форумы өтетінінде деп білеміз.

Соңғы жылдары елімізде волонтерлік іс жақсы дамып келеді. 2020 жыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстанда Волонтерлер жылы болды. Аида Балаева бұл еріктілер қозғалысына қуатты серпін бергендігін атап өтті. Жыл сайын 50-ден астам жоба жүзеге асырылады. 240 шағын грант беріледі. Бүгінде елдегі белсенді волонтерлер саны 240 мыңнан асты. 750-ге жуық волонтерлік ұйым мен 1000-нан астам бастамашыл топ жемісті жұмыс істеп келеді.

Жібек Бахитова, Алматы қалалық волонтерлер фронт кеңсесінің үйлестірушісі:

- Қазақстанда Алматыда егерһде төтенше жағдайларға немесе жер сілкінісі, су апат сияқты әртүрлі жағдайларға волонтерлерді көбіне кеңінен дайындайтын болса, Ресейде елдегі әріптестерімізде қоршаған ортаны қорғауға, одан бөлек, жаңағы жануарларға байланысты волонтерлікпен көбінесе кеңінен айналысады екен. Соынмен қатар сол бағытта волонтерлікті үйрету жаңағы тренингтік жұмыстары көп жүргізіледі екен және де Қазақстанға волонтерліктің көптеген салаларын дамытуға тәжірибелер үйреніп жатырмыз.

Юлия Устинова, РФ Жастар ісі жөніндегі федералдық агенттіктің  басқарма басшысы:

- Волонтерлерді оқыту, дайындау жағын айттық. Өз ісін жетік білетін волентарлер көп болса, жұмыс та жақсы, сапалы жүреді. Сондықтан бүгін біз нақты бағыттарды атап өттік. Мәселен, әлеуметтік және медициналық волонтерлік қызмет саласына білікті, оқыған, сертификат алған волоонтерлер қажет деп білем. Осыған қатысты сіздің елдің волонтерлерімен оқу бағдарламаларын бірге өткізетін боламыз.

Еліміздің Мәдениет және ақпарат министрі атап өткендей келесі жылы табиғатты қорғауға бағытталған іс-шараларға басымдық беру көзделген. Осыған байланысты бірлескен экологиялық акциялар, көрмелер, семинарлар мен конференциялар өткізуді ұсынды. Слет аясында волонтерлер үшін танымдық дәрістер, семинар-тренингтер ұйымдастырылды. Тәжірибе алмасты. Сондай-ақ ресейлік меймандар Алматыдағы комьюнити орталықтардың жұмысымен танысты.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Радик Жакупов, Әбен Нарымбаев