Жетісу облысындағы ауыл халқы биліктен мал жаятын жер сұрайды

Жетісу облысындағы Қайнарлы ауылында жайылым тапшы, деп хабарлайды 24KZ. Тұрғындар жергілікті биліктен мал жаятын жер сұрайды. «Елді мекен айналасы егістік алқап болғандықтан, төрт түлікті өрістете алмай отырмыз», – дейді жергілікті жұрт.

Қайнарлы ауылында 800-ден аса адам тұрады. Жергілікті халықтың дені мал шаруашылығымен айналысады. «Сондықтан жайылымды ұлғайтып, күнкөрісімізге қолайлы жағдай жасап берсе», – дейді.  

Ержан Жаңажыл, Қайнарлы ауылының тұрғыны:

- Ауылдың тұрғындарына мал жаятындай жер жайылым ашып, ауылдың халқын өзін-өзі қамтамасыз ететіндей және мал асырап, ет сүт өнімін өндіретіндей жағдай жасап берсе, мына халық өзін асырап қана қоймай, қалған елді де азық-түлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар.

Ауылдағы мал саны 16 мыңнан асады. Төрт түлік жазда жайлауға, қыста қыстауға жіберіледі. Елді мекен маңында да жайылым бар. «Ол үшін тиісті жер телімі бөлінген», – дейді аудан әкімінің орынбасары.

Айдын Исабеков, Ескелді ауданы әкімінің орынбасары:

- Қайнарлы ауылында 2090 гектар жер бекітіліп берілген. Оның 1490 га жайлауда. 500 га ауылдың түбінде тұрған. Әрине, 1490 ірі қара, оның бәрін ауылға қалдыратын болсақ, ие бола алмаймыз. Бұл жерге жетпейді жер. Ауылдың маңайының бәрі – тәлімді егістік жер. Біз мұны жайылым жерге аудара алмаймыз.

Тұрғындарды тағы бір мәселе алаңдатып отыр. Жайылымда жүрген ауылдың жылқыларын бәзбіреулер пневматикалық қарумен атқан.

Нұрдәулет Солтанұлы, Қайнарлы ауылының тұрғыны:

-Үш айғыр үйірден сегіз жылқы атылды. Бәрі осы жерге келіп жатқан. Бір күнде, тұманды күні. Қазір РОВД қарастырып тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

«Бұрын жиын-терін науқаны аяқталған соң егістік алқапқа мал жаятын едік. Биыл кейбір шаруашылықтар оған да мүмкіндік бермеді», – дейді тұрғындар.

Қапан Шерияздан, Қайнарлы ауылының тұрғыны:

- Күзде егін орылып, шабындығы шабылып болғаннан кейін малымызға жайылысқа ашып беретін рұқсат беретін болса, міне, алдын атып жатыр. Ертең малымызды жайып, осы жерге келетін болсақ, адамды да атып тастауы мүмкін. Біздің әрбірден соң ауылда тұруға қорқынышымыз бар.

Жиналғандар жайылым тапшылығын заңды тұрғыда реттеп, біржолата шешіп берсе деген үмітте. Жалпы Жетісу облысында кейінгі үш жылда 480 гектар жер қоғамдық қолданысқа қайтарылған. 

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов.