Перизат Қайратпен аты қатар аталған құрылыс компаниясына қатысты шикілік анықталды

Астанада 30-дан астам үлескер құрылыс компаниясын сотқа берді, деп хабарлайды 24KZ. Жалпы бұл мекемеге алданып қалғандардың нақты саны белгісіз. Белгілісі әр үлескер 50 млн-нан 80 млн теңгеге дейін қаражат құйған. Бұл компанияның аты белсенді Перизат Қайраттың қайырымдылық ісінде де аталған. Онда такси жүргізіп, танымал болған жалғызбасты ана Әсел Омарға пәтер берілуі керек болған. Алайда құрылыс созбаққа салынып, дау басқаша сипат алды.

Мөлдір Сүйіншіәлінің айтуынша, MM Group компаниясы бірнеше қайырымдылық қоры арқылы 20 пәтерді мұқтаж жандарға таратып бермек болған. Олардың ішінде соңғы кезде аты жиі аталып жүрген «ASAR UME» мен «Біз біргеміз» қоры да бар.

Перизат Қайраттың 2022 жылы Әсел Омароваға табыстаған сыйлығы осы компанияға тиесілі еді. Бірақ құрылыс созбаққа салынып кетіп, жалғызбасты ана тағы екі жыл үйсіз жүруге мәжбүр болған. 

Мөлдір Сүйіншіәлі, MM Group компаниясының басшысы:

- Біз мамыр айынан бастап оның пәтерақысын төлеп келдік. Квитанциялары бар. Желтоқсан айында «Мені алдап кетті», – деп сұхбат бере бастаған соң төлемдерді тоқтаттық. Компания өз міндеттерінен бас тартпайды. Келісімге отырған қорларға уәде еткен пәтерлерді береміз. Біздің компания барлық келісімдерді алып, сараптамадан өткен еді. Бірақ әкімдік ол жер телімін қаланы абаттандыру мақсатында бізден алатынын хабарлады.

Біз мәселенің мән-жайын білу үшін қалалық әкімдікке хабарластық. Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы MM Group компаниясы аталған мекенжай бойынша құрылыс жүргізуге рұқсат алмағанын мәлімдеді.

«2023 жылдың 25 қыркүйегіндегі № 510-1973 қаулысына сәйкес бұл жер телімі «Астана қаласы Байқоңыр ауданы әкімінің аппаратына» уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен тек абаттандыру және көлік тұрағын салу мақсатында берілген. Аталған пайдалану құқығы құрылыс жүргізу және қоршау орнату құқығын қарастырмайды. Пайдалану құқығының мерзімі 2026 жылдың 25 қыркүйегіне дейін. Сонымен қатар Астана қаласының Бас жоспарына және аталған ауданның егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес бұл учаскеде көпқабатты тұрғын үй кешенін салу жоспарланбаған және жоспарланбайды да» – Астана қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының мәлімдемесі.

Компанияның өзге өңірлерде де аяқсыз қалған құрылыстары бар болып шықты. Үйіне қол жеткізе алмай жүрген басқа да үлескерлер брифингке келіп, пәтер кілтін қашан алатындарын сұрады.

Жоспар бойынша бұл жерде коттедж қалашығы салынуы керек еді. «NURA ELITE» деп аталатын жұмақ мекен 2022 жылдан бастап тұрғындарға берілуге тиіс болатын. Алайда үлескерлер екі жыл бойы құрылыстың аяқталуын күтіп жүр.

Тұрғындар көздің жауын алатын жарнамаға алданғанын айтады. Арзанға Астана іргесінен зәулім сарай алам деп аузы күйгендердің бірі – Жанар Нұридинова. Ол пәтері мен көлігін сатып, құрылысқа 50 млн теңге қаражат құйған.

Жанар Нуридинова, қала тұрғыны:

- Біз 2023 жылы таунхаус сатып алдық. Содан бері құрылыс жүрген жоқ. Компания түрлі сылтаумен, мерзімін созып келеді. Апта сайын барамыз. Құрылыс алаңында ешқандай жұмыс жүріп жатқан жоқ. Компания басшысы басқаларды кінәлаудан ары аса алмайды. Үйлер қашан салынып бітетінін айта алмай отыр. Мен сияқты бар мүлкін сатып, үйсіз-күйсіз жүргендер қаншама!

Сағат Игенбаева, қала тұрғыны:

- Мен Щучинсктегі «Бармашино» тұрғын үй кешенінің құрылысына қаражат құйғанмын. 37 шаршы метр үшін 14 млн 508 мың теңге бердім. 2022 жылдың 22 қыркүйегінде алдын ала шарт жасастық. 2023 жылдың үшінші тоқсанында салып бітіруі керек болған. Бірақ көріп тұрғандарыңыздай, әлі құрылыс компаниясының соңынан жүгіріп жүрміз. Тіпті кей құжаттарын реттеуге үлескерлердің өзі көмектескен кездер болды. Біресе мемлекеттік органдарды кінәлайды, біресе басқа сылтау айтады. Жауаптыларға хабарласып білсек, ешқандай кедергі жоқ боп шығады.

Үлескерлер жаз соңында WhatsApp желісі арқылы келісімшарт үзілгені туралы хабарлама келгенін айтады. Қаражаты мен баспанасынан айырылудан қорыққан тұрғындар адвокат жалдап, сотқа жүгінген. Бірақ бұл мәселенің бір ұшы ғана болып шықты.

Жанарбек Бектеміров, адвокат:

- Қылмыстық кодекстің 190-бабы, яғни «Алаяқтық» бойынша іс қозғалды. Себебі әр үлескер 50 млн-нан 80 млн теңгеге дейін қаражат құйған. Ал 2022 жылы тапсырылуы керек болған қалашықта не жол салынбаған, не байланыс және инженерлік желілер жүргізілмеген. Бүгін осы мәселе бойынша қойған сұрағымызға мардымды жауап ала алмадық. Сонымен қатар біз азаматтық істер жөніндегі сотқа да жүгінгенбіз. Өйткені MM Group 5-6 млн теңгеге жер учаскелерін сатқан. Іс жүзінде ол жалға алынған болып шықты. Яғни, тұрғындардың меншігіне берілмейді. Компания бұл қаражатты қайтаруы керек еді. Бірақ сот орындаушысының сөзінше, олардың шотында көк тиын жоқ.

Брифингте компания басшысы бір апта көлемінде құрылыс жанданатынын айтты. Бірақ тұрғындар оған сенбейді. «Себебі бұған дейін бірнеше рет осылай уәде берілген», – дейді олар. Ал адвокат үлескерлердің қаражаты шын мәнінде қайда жұмсалғанын анықтау маңызды екенін айтады.

Авторлары: Серік Селеубайұлы, Абдулхамит Бөлекбаев.