Мәжіліс Су кодексінің жобасын қабылдады

Қазақстан судың 46% шекаралас мемлекеттерден алады.

Сондықтан су үнемдеу технологияларын тиімді меңгеру стратегиялық  маңызды қадамдардың бірі болмақ. Бұл туралы Мәжілісте су кодексінің жаңа жобасын талқылау барысында айтылды. Құжат су үнемдеу тетіктерін зерделеп, тіршілік нәрін ысырап етушілерге талапты күшейтуге бағытталған. Кодекске тағы қандай талаптар енеді?

Климаттың өзгеруіне байланысты табиғи су көлемі азайып жатыр. Жаңа су кодексі қалыптасқан жағдайда тіршілік нәрін тиімді пайдаланып, су үнемдеу тетіктерін енгізуді қамтиды. Мәселен, жаңа талаптарға сәйкес, тіршілік нәріне арнайы рұқсат суды қайталама пайдалануға кезең-кезеңімен көшу жоспары болған жағдайда ғана беріледі.  Сонымен қатар, гидротехникалық құрылысжайлардың қауіпсіздік талаптары күшейеді. 

Нұржан Әшімбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Әрбір мекемелерге кәсіпорындарға оларға жоспарға қойылады, суды үнемдеу. Өздерінің жоспарлары болу керек. Нақты алсақ, қазіргі күні әрбір кәсіпорын өзіне жоспар құрайды. суды қайта пайдалану, оборотный дейді ғой. Оған 5 жыл уақыт беріледі. Тағы да үлкен бір мәселе бізде  таза суды көп жерде техникалық мақсатында пайдаланады. Ауылдар болсын, кәсіпорындар болсын. Соған тыйым салып, келешекте соны заңға енгізіліп отыр.

Жаңа кодексте басты назар су ресурстарын сарқылу мен ластанудан қорғауға аударылып, содан кейін ғана экономикалық қажеттілікке маңыз берілген. Бұл жаңа заңнаманың қолданыстағы кодекстен негізгі  ерекшеліктерінің бірі, деді ведомство басшысы. Министр елдегі судың жай-күйі  жайлы есептер жарияланатынын да атап өтті.

Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:

- Сумен жабдықтау жүйелерінің техникалық аудиті мәселелері алғаш рет заңнамалық деңгейде реттелді. Халықтың су ресурстары туралы ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жыл сайын Ұлттық ақпараттық есеп жарияланатын болады. Онда елдегі судың жай-күйі, қорғалуы және пайдаланылуы туралы толық мағлұмат қамтылады.

Анатолий Рябцев, «Water Hub» халықаралық зерттеу орталығының директоры:

- Бізде министрліктен бастап төменгі буынға дейін су ресурстарын басқарудың нақты жүйесі құрылған. Оның ішінде су ресурстарын пайдалану бойынша бақылауды қамтамасыз ететін мемлекеттің басты органы ретінде бассейндік инспекциялардың рөлі күшейтілді. Ол үшін биыл салаға 140 адам қосылып, бассейндік инспекторлар саны 40%-ға артты.

Сондай-ақ жаңа заңнамаға сәйкес бассейндік су инспекцияларына мемлекеттік бақылау бойынша тергеу құзыреті берілмек. Бұл тетік суды заңсыз пайдаланумен күрес құралына айналмақ.

Ғазиза Мұхамеджанова, Мұрат Әріпханов