Мамандар: Қазақстан алдағы бес жылда кадр тапшылығына ұшырауы мүмкін

Екі қолға бір күрек іздегендер үшін елде жұмыс көп. Өндіріс, энергетика, машина жасау салаларында бос жұмыс орындары басым, деп хабарлайды 24kz.

Мамандар болжамы бойынша еліміз алдағы бес жылда кадр тапшылығына ұшырауы мүмкін. Жалпы жұмыс күшінің жетіспеушілігі 1,8 млн адамға жетеді деген болжам бар. Сол себепті елдегі оқу орындары техникалық мамандарды даярлауға мүдделі. Бұл – еңбек нарығындағы теңсіздікті реттеуге мүмкіндік береді.

Наубайхана ісі бойынша білім алып жатқан Диас Атыраубаев әлемге танымал аспаз болуды армандайды. Қазірдің өзінде жас кондитер өзі жасаған өнімдерімен жерлестерін тамсандырып отыр. Дәмі тіл үйіретін круассандарды Диас асқан шеберлікпен дайындайды. Өзі студент болғанмен, тәжірибелі аспаздарға сабақ беріп, білгенін үйретіп жүр.

Диас Атыраубаев, Ақтөбе сервис колледжінің студенті:

- Бір аптада бір мастер класымды өткіземін. Оған крауассанның түр-түрі кіреді, формасы кіреді. Французский багет, бамбалония булочкасы, крауассан қамыры, француз деликатесі десек болады, таңғы асқа нанның орнына қолданады ғой. Қазақстанның бүкіл қалаларында ашқым келеді.

Өкінішке орай, Диас секілді аспаздық саланы таңдаған жастардың қатары көп емес. Елде қазір шаштараз, тігінші, наубайшы, сантехник сияқты жұмысшы мамандар қат. Кадр тапшылығы энергетика, құрылыс, машина жасау салаларында да қатты байқала бастады. Тіпті 2030 жылға қарай елдегі жұмысшы кадрлардың қажеттілігі 1 млн адамнан асуы мүмкін. Сондықтан мемлекет жұмысшы мамандарды даярлауға, оларды қолдауға басымдық беріп отыр.

Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:

- Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында жастарды сұранысқа ие мамандықтармен 2025 жылға дейін 100% тегін қамту көзделген. Кадрларды озық даярлау моделі арқылы еңбек нарығының болашақ сұранысына және технологиялық өзгерістерге сәйкес келетін мамандарды дайындауға 2025 жылы мемлекеттік тапысырыс көлемін 155 мыңға дейін, оның ішінде техникалық мамандықтарға мемлекеттік тапырыс көлемін 70% дейін көбейту көзделіп отыр.

Техникалық мамандардың жаңа шоғырын қалыптастыру үшін мектептерде мамандыққа баулу жұмыстары жүрзілуде. Сонымен қатар колледж басшылары мен оқытушыларына да үлкен жауапкершілік жүктелмек.

Қарлығаш Қалыбеккызы, ҚР ғылым және жоғары білім министрлігінің қоғаммен байланыс департаментінің басқарма басшысы:

- Жалпы осы техникалық бағыттарға деген қызығушылық осы жастар арасында өте белсенді болып тұр. Техникалық бағыттарда деген қызығушылық соңғы 2 жылда өсім жоғары. 2019-2020 жылдары студенттер гуманитарлық мамандықтарға қызығушылық жоғары болған.

Алдағы уақытта елімізде шетелдік техникалық оқу орындарының филиалдары құрылуы мүмкін. Бұл –  елдегі кәсіптік білім беру мекемелерінің бәсекелестігін арттырып, технологиялық көшбасшылар қатарына кіруге ынталандырады.

Авторы: Қуандық Танабас