Мемлекет жұмысшы мамандарға қандай қолдау көрсетуге дайын?

Елдегі кәсіптік білім беру ұйымдарының қазіргі әлеуеті қандай? Жұмысшы мамандарға мемлекет қандай қолдау көрсетуге дайын?

Келер жылы елімізде жұмысшы мамандар жылы болады. Осы орайда кәсіптік білім беру ұйымдарын қандай өзгерістер күтеді?

Жалпы кейінгі жылдары кәсіптік білім беру саласы үлкен реформарды бастан өткеруде. 2025 жылды жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялаған Президент осы уақыт ішінде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалауды тапсырды. Қазіргі таңда тиісті министрлікте жұмысшы мамандықтар жылының жоспары әзірленді. Жергілікті атқарушы органдардан, сарапшылардан үлкен топ құрылды. Ол жоспардың ішінде балаларды мектеп жасынан бастап кәсіпке бейімдеу, мамандыққа баулу сияқты жұмыстарды жүргізу, сондай-ақ, елдегі 30 колледжі технологиялық көшбасшылар қатарына көшіру бойынша жұмыстар қолға алынады.

Елде 772 колледж бар, 565 мың студент білім алады, оның 70%-і тегін білім алады. Тағы бір кестеге назар аударайық, елде 2023 жыл – 133 мың грант, 2024 жыл – 143 мың грант бөлінген, ал 2025 жыл – 150 мың грантқа дейін арттыру көзделген.

Бұл салада да қолдау бар. Мемлекет жыл сайын шәкіртақы көлемін ұлғайтып келеді. Бұдан бөлек, жоғарыда айтқанымдай, мемлекеттік тапсырыс көлемі де ұлғаюда. Бұл турасында Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Әсет Мұханбетов мырзаның мынадай пікіріне назар аударайық.

Әсет Мұханбетов, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры:

- Мақсатымыз – кәсіптік білімді дәріптеу. Студенттеріміздің білім алуына барлық жағдай жасалынған. Студенттердің стипендиясы 2 есеге өсті. Олай дейтініміз, 2022 жылы 20 мың теңге алатын болса, 2024 жылдан бастап 40 мың теңгеге дейін көтердік. Оған қоса, мемлекеттік тапсырыспен білім алатын студенттер ыстық тамақпен қамтылады және жатақханамен қамтамасыз ету жұмыстары қолға алынып, жатақхана қажеттілігі бар студенттердің 87% жатақхана орындармен өамтамасыз етілді.