Семейде атты полиция жасағы құрылды

Тәртіп сақшыларының айтуынша, құқық бұзушылықтың көбі қаланың шетіндегі саяжайларда болады, деп хабарлайды 24kz.

Жыл басынан бері 30-ға жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олардың көбі қоғамдық орында масаң күйде жүргендер мен тыныштықты бұзғандар. Жалпы Абай облысын атты полицияның отаны деуге болады. Өйткені 1918 жылы 12 тамызда Семей жерінде алғашқы атты Алаш милициясы құрылған. Бүгінде полиция қоғамдық тәртіпті қадағалап қоймай, қалыптасқан дәстүрді жалғап келеді.

Рүстем Қайратұлы, тілші:

- Қоғамдағы тәртіп пен тыныштықты қадағалау оңай шаруа емес. Қазір біз Семейдегі Бейбітшілік аралындамыз. Осы аумақты көлікпен патрульдеу полиция қызметкерлеріне қолайсыздау. Ал атты әскер осындай сәтте тәртіп сақшыларының жұмысын айтарлықтай жеңілдетеді. Көріп тұрғандарыңыздай, полиция департаментінің сәйгүліктері арнайы белгілермен жасақталған.

Азамат Фазылов құқық қорғау саласында 2 жылдан бері жұмыс істейді. Кавалерия бөлімшесін арнайы таңдағанын айтады. Өйткені жылқыға бала күнінен қызығады. Сұңқар атты сәйгүлігін өзі баптап, жұмысқа дайындайды.

Азамат Фазылов, учаскелік полиция инспекторы:

- Ұрлық болады, көбінесе масаң күйде жүреді адамдар. Жазда әсіресе, масаң күйде суға кіріп кетеді. Бұның барлығы болған жағдайлар. Атпен кіріп құтқарған кездер болған. Қазақ баласы болғаннан кейін ата-бабамыз ат құлағында ойнап өскен ғой. Сондықтан ешқандай қиындық тудырған жоқ.

Патрульдік полиция батальонының атты әскер взводы көлік бармайтын аумақтарды қадағалайды. Көбінесе жағалаулар мен саябақтарда жүреді. Кавалерия бөлімшесін қажетті құралдармен, арнайы әбзелдермен жергілікті әкімдік қамтамасыз еткен. Саяжай тұрғындары атты полиция қызметкерлерін бірден байқаған.

Блиц 1:

- Меніңше, атты полиция біздің қаламызға өте қажет. Біз қуаныштымыз. Мысалы мен жаңа ғана баламды жоғалтып ала жаздадым. Осындай сәтте тәртіп сақшыларының көмегі ауадай қажет.

Блиц 2:

- Расымен автокөлік жүре алмайтын жерлер көп. Құқықбұзушылықтар да сондай жерлерде болады. Сондықтан бізде атты әскер жұмысын бастағанына қуаныштымыз.

Жыл басынан бері саяжай аумағында 30-дан астам адам әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Екі адам ұрлық үстінде ұсталып, жаза арқалаған. Жалпы полиция департаментінің балансында 10 жылқы бар. Олар Бейбітшілік аралының маңындағы арнайы атқорада болады.

Дина Әмренова, ПД Ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің бастығы:

- Қызметкерлер түнгі және таңғы ауысымда кезекпен жұмыс істейді. Таңғы 6-да жылқыларға шөп салып, су береді. Негізінен атты полиция қызметі сәуір айынан қазанға дейін белсенді жұмыс істейді. Қала көшелерін, саябақтар мен жер үй маңдарын кезектесіп патрульдейді.

Жақында «Сергек-Патруль» жүйесі жаңартылды. Қоғамдық орындарда, аялдамаларда, жерасты өткелдеріне «Сергек» жүйесі іске қосылып, құқықбұзушылық анағұрлым азайды. Заң мен тәртіп идеологиясы аясында қалада кримогендік жағдай тұрақталып, қылмыс 60%-ке қысқарған.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов