Шымкентте «Кең дала» бағдарламасы арқылы қаржыландыру басталды
Ел шаруалары егіс науқанына ерте қамдануға мүмкіндік алды. Аграрлық несие корпорациясы «Кең дала» бағдарламасы арқылы қаржыландыруды бастады, деп хабарлайды 24kz.
Қазірдің өзінде қаржы институтының Шымкенттегі кеңсесінде 3 млрд теңгеге бағаланған жобалар қарастылып жатыр.
Бекболат Күзенбаев 154 гектарға дәнді дақылдар егеді. Шаруа биыл мемлекеттік қолдаудың арқасында жерін дайындап, қажетті тұқым мен тыңайтқыштар алған. Бітік шыққан егін есебінен Аграрлық несие корпорациясындағы қарызын уақытынан бұрын өтеуге мүмкіндік туғанын айтады. Енді көктемде «Кең дала» бағдарламасымен тағы қаржы алып, қар жаумай қамданып отыр.
Бекболат Күзенбаев, шаруа қожалығының төрағасы:
- Ерте басталғаны шаруаларға тиімді болып тұр. Шаруаларға тиімді болған себебі ертерек соляркамызды аламыз, ұрығымызды аламыз, дәрілерімізді аламыз. Сөйтіп ертерек көктемде жұмысымызды бастаймыз. Егістік науқанымызды ертерек болжаймыз.
Биыл шаруаларды қаржылай қолдау ерте басталды. «Бұл олардың тұқым мен тыңайтқыштар алып, сапалы жұмыс істеуіне мүмкіндік береді», - дейді мамандар. Сонымен қатар бағдарламаның тағы бір ұтымды тұсы қаржылық мөлшерлемесі 5% деңгейінде сақталады.
Ізбасар Жүсіпбеков, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Шымкент филиалының басшысы:
- Президенттің тапсырмасы бойынша Үкіметтің қолдауымен көктемгі егіс жұмыстарына 700 млрд теңге қаралып отыр. Оның 560 млрд теңгесін «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі мен «Аграрлық несие корпорациясы» капитал нарығынан тартады.
Көктемгі дала жұмыстарына өтініш қабылдау жалғаса береді. Биыл жыл соңына дейін «Кең дала» бағдарламасы бойынша 100 млрд теңге бөлінді.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Самат Нағашбекұлы