3 желтоқсан – мүмкіндігі шектеулі жандардың халықаралық күні
Бүгін — Халықаралық мүгедектер күні. Бұл дата 1992 жылы БҰҰ-ның қарарымен бекітілген. Мақсат – денсаулығына байланысты оқшау қалған азаматтарға қамқорлық таныту. Оларға қоғам болып қол ұшын созу.
Біздің елде 725 мыңнан аса адам мүгедек статусын алған. Оның 26,9%-і зейнет жасында болса, 15,1%-і – балалар. Ал 58%-нің еңбек етуге қабілеті жетеді. Мемлекет бұл азаматтарды әлеуметтік қолдау мен оларға кешенді көмек көрсетуге басымдық береді. Мәселен, биыл олардың жәрдемақысы 7%-ке өсті. Бірінші топ мүгедегі ай сайын 95 500, екінші топ мүгедегі 76 400, үшінші топ мүгедегі 52 мың теңге жәрдемақы алады.
Бұдан бөлек, аймақтарда денсаулығында кінәраты бар азаматтарға арналған оңалту орталықтары жұмыс істейді.
Қазір мұндай орындар саны 35. Мемлекет басшысының тапсырмасымен тағы 12 сауықтыру кешені бой көтереді. Шығыс Қазақстан, Павлодар, Жетісу, Жамбыл, Қостанай облысы мен Шымкентте аутизм және басқа да балаларды емдейтін күндізгі орталықтар ашылды.
29 мыңнан аса мүмкіндігі шектеулі жан жеке көмекшілердің, ал құлағының мүкісі бар 8 мың адам ымдау тілі маманының көмегіне жүгінеді. Инватакси қызметін 25 мыңға жуық мүгедек пайдаланады. Ерекше қажеттіліктегі адамдарды кәсіптік оқыту, оларды жұмысқа орналастыру бағытында да кешенді шаралар қолға алынды.
Биыл 8,3 мың адам еңбек етуге тартылды, 1,8 адам тұрақты жұмыс тапты. Сондай-ақ былтырдан бастап халықтың әлеуметтік осал топтарына өз ісін бастауға 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде гранттар беріліп келеді. Қолдаудың мұндай түріне қазір 702 мүгедектігі бар азамат ие болған.