Қазақстанда жылу беру маусымында 1130 мәрте өрт шықты
Елде өрт дерегі 1,3%-ке азайып, қызыл жалыннан опат болғандар саны 13%-ке қысқарды, деп хабарлайды 24KZ. Дегенмен қауіпсіздікті қаперге алмайтындар әлі де бар. Тілсіз жаудың алдын алу қалай жүріп жатыр? Ескертуді елемейтіндерге қандай шара бар?
Жыл басынан бері елде 10 мың мәрте өрт шықты. Онда 279 жан опат болып, осыншасы жарақаттанды. Әсіресе жылу беру маусымы басталғалы құтқарушылардың жарғақ құлағы жастыққа тимеді. Олар күн суытқалы 1130 мәрте тілсіз жаудың жолын кесті. Бұдан бөлек, елді қауіпсіздік хақында құлақдар ету жұмыстары да қарқынды.
Аспандияр Сапарғалиев, ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің бас маманы:
- 1 желтоқсанан бастап республикамызда «Өрт қауіпсіздігі» айлығы жарияланды. Бұл айлық неге бағытталған, мынау өрттердің санын төмендету және өрттерден адам қаза болу және жарақаттану фактілерін алдын алу бағытында қауіпсіздік айлығы болып жарияланды. Кешегі күннің өзінде 1500 астам тұрғын үй араланып, 2 мыңнан астам адамға өрт қауіпсіздігі туралы түсіндірме жүргізілді.
Ал биылдыққа бас-аяғы 900 мыңнан астам тұрғын үйдің қауіпсіздігі тексеріліп, 1,5 млн адамға түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Әсіресе тұрмысы төмен отбасылардың баспаналары басты назарда.
Мадияр Мырзагелдиев, Астана қаласы ТЖД бастығының орынбасары:
- Астана қаласында 31 мыңнан астам жеке тұрғын үй бар. Қазіргі таңда 21 мыңнан астам профилактикалық жұмыстармен қамтылған. 1500 астам әлеуметтік осал топқа жататын отбасылар бар. Бұл профилактикалық іс-шаралармен толық қамтылған. Қазіргі таңда қайталау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.
Аспандияр Сапарғалиев, ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің бас маманы:
- Көмірқышқыл газын анықтайтын дабыл қаққыш датчиктерді орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл датчиктер маусым айынан бастап 24 мыңнан аса данасы орнатылды. Қазіргі таңда бұл датчиктердің іске қосылу салдарынан көптеген отбасылардың өмірлері аман қалған болатын.
Ал синоптиктер қыстың оңай болмайтынын айтады. Яғни, жылу беру маусымы ұзаққа созылады деген болжам бар. Бұл да жығылғанға жұдырық. Жан бағудың жалғыз шешімі – қауіпсіздік шараларын қаперден шығармау.
Авторы: Шернияз Жалғасбекұлы.