Қазақстанда пошта қызметін жаңашылдықтар күтіп тұр

Елімізде пошта қызметінің сапасы мен жылдамдығы арттыру көзделіп отыр. Мәжіліс депутаттары осындай бастама көтерді. Тиісті заң жобасын ертең төменгі палата бірінші оқылымда қарайды. Құжатқа қандай өзгертулер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін? Жаңашылдықтар пошта қызметінің сапасын қаншалықты жақсартпақ?

Қазақстанның «Пошта туралы» Заңы таяуда жаңғыртылады. Осыған байланысты елімізде негізгі оператор саналатын «Қазпоштаның» алдағы жұмысына қойылар талап жоғарылайды. Мәселен, жөнелтілімге жұмсалатын уақытты мейлінше қысқарту және жолдаманы алушының қолына тапсыру қызметін енгізу көзделіп отыр.

Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Жуырда ғана Қазпошта бөлімшелері негізінде халыққа қызмет көрсетуге арналған шағын орталықтар жұмыс істей бастады. Қазір азаматтар аудан орталығына бармай-ақ, тұрғылықты мекенжайы бойынша қызмет алып жүр. Бұдан былай дәрі-дәрмек те тек ауданның орталық ауруханаларына жеткізіліп қоймай, нақты мекенжайлар бойынша ауылдық жерлерге жөнелтіледі немесе қолма-қол тапсырылады.

Қазпошта логистикалық жүктемені өз мойнына алуға дайын. Депутаттың айтуынша, ұлттық оператор электрондық сауда жүйесін дамытуы керек. Нарықтағы басқа ойыншылармен терезесі тең бәсекелестік орнатуы қажет. Өйткені Қазпошта шалғай елдімекендерде жалғыз провайдер саналады. «Осы артықшылығын оңтайлы пайдалануға тиіс», – дейді мәжілісмен.

Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қазпошта постоматтарын көбейту керек. Маркетплейс өнімдерін қалаған уақытыңда осындай жәшіктерден алу барлық тарапқа өте қолайлы. Жолдаманы қалдырушы да, жолдаманы алушы да мәз. Постоматтар көбіне бөлімшелер мен дүкендерде орналасқан. Оларды енді кондоминиум нысандарында орналастыру тәртібін ойластыру қажет. 

Алдағы уақытта танысыңыздың пошта жолдамасын сенімхатсыз-ақ, смс-пен келетін пин-код арқылы алу жүйесі енгізіледі. Былтыр Қазпошта жылына 8,5 млн жолдама жөнелткен. «Алдыңғы жылғы көрсеткішпен салыстырғанда өсім деңгейі 40%-ке жуықтайды», – дейді акционерлік қоғамның өкілі Болат Бұқарбай.

Болат Бұқарбай, «Қазпошта» АҚ баспасөз хатшысы:

- «Қазпошта» АҚ – үлкен жұмыс берушілердің бірі. Бүгінде Қазпоштада 20 мыңға жуық адам жұмыс істейді. 2,5 мыңға жуық бөлімше бар және олардың көп бөлігі ауылдық мекендерде орналасқан. 1553 бөлімше тікелей ауылда орналасқан.

Бүгінде Қазпошта бірқатар кешенді жұмысты қатар алып жүр. Елде екінші деңгейлі банк, кедендік және қаржылық брокер саналады. Барлық саласын жалпы алғанда биыл 87 млн қызмет көрсеткен.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Арман Ақшабаев.