Мүгедектікті рәсімдеу бойынша 86 мың өтінім сырттай қаралды
Елімізде мүгедектікті тағайындау бойынша 86 мың өтінім сырттай форматта қаралды, деп хабарлайды 24KZ. Бұл процесс қазір медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізуді сырттай анықтау бойынша пилоттық жоба ретінде жүзеге асып жатыр. Яғни, ерекше қажеттілігі бар азамат тұрғылықты жері бойынша емханаға барып, қажетті тексеруден өтуі қажет. Қалған процестер ақпараттық жүйелерді интеграциялау есебінен оның қатысуынсыз өтеді. Бүгінде сырттай форматта куәландыру 30 нозологиялық нысан бойынша жүргізіледі.
Жалпы бұған дейін Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 6-шы отырысында «ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін барынша жағдай жасау, олардың инстанциялар мен қағазбастылық бойынша жүруін болдырмау» қажеттігін айтқан еді. Президенттің тапсырмасын орындау аясында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бірқатар ведомствомен бірігіп, осы пилоттық жобаны жүзеге асырып жатыр. Ол бюрократиялық кедергілерді жойып, әлеуметтік қызметтерді үйден шықпай-ақ алуға мүмкіндік береді.