Қызылорда облысында ArtSport бағдарламасының іске асырылуына бақылау күшейді
Қызылорда облысында ArtSport бағдарламасы бойынша ашылған 89 үйірмені қаржыландыру тоқтатылды. Арнайы мониторингтік топ кәсіпкерлік нысандардан заңбұзушылық анықтаған. Олар үйірме тізіміндегі бала санына қатысты жалған мәлімет беру арқылы мемлекеттен қомақты қаржы алмақ болған. Мамандардың айтуынша, тексеріс нәтижесінде бюджетке 3 миллиард теңге қайтарылған.
Қызылорда облысында биыл ArtSport жобасы бойынша 136 жеке шығармашылық үйірме ашылған. Кәсіпкерлер ұсынған мәлімет бойынша 23 мың бала түрлі үйірмеге қабылданған. Бірақ іс жүсінде бәрі басқаша болып шықты. Тексеріс барысында тізімге енген балалардың тек үштен бір бөлігі ғана үйірмеге барып жүргені белгілі болды. Осылайша 47 кәсіпкермен жасалған келісімшарт біржақты бұзылды.
Мира Қазбекова, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы:
- Екі апта бұрын ғана біздің базадағы тіркелген балалардың саны 18 474 болса бүгінге күнге 16 616 бала. Яғни, 1800-ден аса баланы кәсіпкерлер тізімнен өз еркімен шығарып тастап жатыр. Бұл шын мәнінде осы балалардың сол үйірмеге немесе спорт секцияға бармайды деген сөз.
Өңірде ArtSport бағдарламасы бойынша ашылған спорт үйірмелері де айтарлықтай азайып отыр. Оның бір ғана себебі бар. Балаларды тіркеу заңдылығы бұзылған.
Жұлдызхан Ерқосаев, облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының м.а.:
- Жалпы 174 өнім беруші еді ғой. Оның 42-сімен келісімшарт бұздық. 23 өнім беруші өз еркімен қызметін тоқтатты. Өйткені зерделеу жұмыстары анықталғаннан кейін кейбір өнім берушілер кемшілігін білген деп ойлаймын. Бізге өздері өтініш беру арқылы келісімін тоқтатты. Жалпы есепте 63 өнім берушіге біз азайып отырмыз.
Анықталған деректерге байланысты өңірде ArtSport бағдарламасын іске асыру барысы қатаң бақылана бастады. Келесі жылдан бастап үйірмелерге биометриялық сканерлеу жүйесі орнатылмақ.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Айтмұхамбет Байділдаев.