ШҚО-да су тасқыны қаупі бар жерлерге әуеден шолу жасалды

Шығыс Қазақстан облысында құтқарушылар көктемгі су тасқынына дайындықты бастап кетті.

Олар Алтай, Үлкен-Нарын және Қатонқарағай аудандарында судан қауіп төнетін жерлерді әуеден шолып шықты. Тікұшақтың бортынан қар жиналатын орындарға барлау жасалып, координаттары нақтыланды. Өзендердегі мұздың деңгейі тексерілді. Жағалаудағы ауылдарды су тасқынынан қорғау үшін 13 ауданда инженерлік жұмыстар жүріп жатыр. Коммуналдық қызметтер бөгеттер мен жағалауларды нығайтады. Кейінгі жылда шығыстағы су тасқынына қарсы шараларға бөлінген қаржы еселеп артты. Келер жылы оның көлемі 800 миллион теңгеден асады.

Рашид Билялов, ШҚО ТЖД бастығы:

- Бүкіл маршрут бойынша тұрақты қар жамылғысы қалыптасуы бастапқы кезеңі байқалады. Өзедерде мұздың қалыптасу кезеңі жүруде. 2025 жылға су тасқынын болдырмау мақсатында, жол бермеу мақсатында инженерлік жұмыстар жоспары бекітілген болатын. Оған сәйкес облыс аумағында 13 ауданның су тасқынына қарсы 55 іс-шара іске асырылуда.