Боралдай су қоймасының салынуынан қауіп бар ма?

Ордабасы ауданының тұрғындары «Боралдай» су қоймасы салынса, айналасындағы ауылдарға қауіп төне ме деп алаңдайды.

Нысан Боралдай мен Қызылсеңгір елдімекендерінің ортасына салынады деп жоспарланған. Жергілікті билік алаңдауға негіз жоқ деп отыр. Керісінше ауылдар судан таршылық көрмейді дейді.

Бастауын  Боралдай тауларынан алатын Боралдай өзенінің бойынан су қоймасы салынады дегелі Қызылсеңгір, Боралдай және Көктөбе ауылының тұрғындары алаңдап жүр. Үш ауылда үш мыңнан астам адам тұрады. Қойма тасыса жайылымнан бөлек егістік пен шабындық су астында қала ма деп қорқады. 

Даниярбек Қалмырзаев, Қызылсеңгір ауылының тұрғыны:

- Бұлар 44 млн текше метр су жинап, қашыртқыны 250 текше метр қылып отыр. Ондай су келетін болса, міндетті түрде су қоймасын бұзып кету қаупі болады. Тек қана Боралдай, Қызылсеңгір, Көктөбе ауылы емес, аудан орталығы Темірлан да судың астында қалады.

Халық зерделеу жұмыстары тиянақты жүргізілсе дейді. Ағысы қатты өзеннің  көктем сайын жұртты әбігерге салып, жер асты суын көтеріп жіберетінін ешкім ескермеген сияқты, деп отыр тұрғындар.

Есенбай Ерсінхан, Қызылсеңгір ауылының тұрғыны:

- Таудан бастап тас бері қарай тас ағып келеді. Ал енді мына жерге дамбы салынатын болса, сол тас қайда барады ағып келген. Су қоймасының ішінде қалады да бір жыл, екі жылдың ішінде толады да қалады. Бұл болашағы жоқ нәрсе. Аудан әкімдігіне, облыс әкімдігіне айттық қарсымыз деп.

Ал жауаптылардың сөзінше  ағын су тапшылығын шешу үшін су қоймасын салу туралы жоба 3 жыл бұрын жасалды. Сыйымдылығы 45 млн текше метр болатын нысанның техникалық экономикалық негіздемесі дайын . Жоба жүзеге асса, 67 мың гектар жерге су барады, әрі көршілес аудандар мен Түркістан қаласын да ағын сумен қамтиды.

Нұрболат Бердімұратов, Ордабасы аудандық ауылшаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:

- Бұл жоба қазіргі таңда құжаттары жинақталу үстінде. Барлығы құжаттары сәйкестендірілгеннен кейін ұсыныс беріледі республикаға, барлық министрліктерден соглосование алынады. Одан кейін барып су қойманың салыну немесе салынбау шешімі шығарылатын болады.

Ал ауыл тұрғындарымен екі рет түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Қоғамдық тыңдау келер жылдың қаңтар айына жоспарланып отыр. Жауаптылар халық су қоймасын басқа жерден салуды ұсынса, орны ауыстырылуы да мүмкін екенін айтады.    

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш