Ақмола облысында мұздағы қауіпсіздік ережелерін бұзғандар жауапқа тартылды
Ақмола облысында мұздағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін он бес адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Олар жұқа мұздың үстінде балық аулағаны үшін жазаланды. Сонымен қатар, балықшылардың өзімен бірге арнайы қауіпсіздік құралдары болмаған. Қазіргі таңда құтқарушылар рейдтер өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Ерсайын Қойшыбаевтың айтуынша, соңғы үш жылда мұз үстінде қауіпсіздік шараларын сақтамау кесірінен тоғыз адам қаза тапқан.
Ерсайын Қойшыбаев, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі:
- Қазір көлдерде мұз қалың. Бірақ өзендерде балықшыларға айтарлықтай қауіп бар, өйткені мұз жеткілікті қатқан жоқ. Мұздың қалыңдығы ең кем дегенде 10-15 сантиметрдей болуы керек. Сондықтан балықшыларда өзімен бірге құтқарушы кеудешесі, он метр арқан, су өткізбейтін қапшықтағы телефон, ысқырғыш болуға тиіс. Осындай қарапайым қауіпсіздік шараларан сақтап, адамда өз өмірін құтқара алады.