Талдықорғандағы әлеуметтік көмек көрсету орталығының қызметіне 800-ден аса адам жүгінген
Бес жылда Талдықорғандағы әлеуметтік көмек көрсету орталығының қызметіне 800-ден аса адам жүгінген.
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа душар болғандарға мекеме мамандары психологиялық, құқықтық кеңес береді. Жарты жылда жәбір көргендер ес жиып, еңсе тіктеді. Сөйтіп, жұмысқа тұрып, өмірін жаңаша жалғастыруға мүмкіндік алды.
Талдықорғандағы әлеуметтік көмек көрсету орталығына биыл 152 адам жүгінген. Солардың қатарында Панфилов ауданының тұрғыны Сахинур да бар. Төрт баласымен келген жәбірленушіге қазір заңдық тұрғыда көмек көрсетіліп жатыр.
Өзіміздің заңгер неше айлап шеше алмай тұрған проблемамызды он-он бес күн ішінде шешіп берді. Біз сияқты ата-аналарға көмектесіп, қол ұшын беріп, барлық нәрсесі жақсы көңілімізден шығады.
Отбасында зәбір көрген әйелдер үшін мекемеде барынша қолайлы жағдай жасалған. Жеке жатын бөлме, асхана, жаттығу залы балаларға арналған ойын алаңы да бар. Көңілі жабырқаған жандармен психологтар жұмыс істеп, қиындықты еңсеруге көмектеседі.
Сұңқар Қадыров, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының директоры:
- Орталықта негізінен медициналық тексерістен өткізіп және заңдық тұрғыда қызмет көрсетіледі. Яғни жәбірленушілердің жеке куәлігін қайта алуына, сот отырысына қатысуына, алимент өндіруіне қатысты жұмыс атқарылады. Бізге жергілікті полицейлер немесе қысқа номері арқылы хабарласуына болады.
«Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы» заң қабылданғалы Жетісу облысында 160 шақты адам өз күйеуі мен жақындарының үстінен шағым түсірген. Соның негізінде қозғалған істердің басым бөлігі сотқа жолданып, 59 қылмыстық іс тоқтатылды,- дейді облыстық ПД баспасөз хатшысы.
Жанар Қалықова, облыстық ПД баспасөз хатшысы:
- Жыл басынан бері 2015 құқық бұзушыға қатысты қорғау нұсқамасы шығарылып, сот шешімімен ерекше талап белгіленген болатын. Қорғау нұсқамасымен ерекше талап санатында есепте тұрған тұлғалар қатаң бақылауға алынып олармен профилактикалық жұмыстар жүргізіледі.
Өткен жылы әлеуметтік көмек көрсету орталығына 138 адам көмек сұрап келсе, биыл олардың саны 152-ге жетті. Жанға бататыны сол, жәбірленушілердің үштен бір бөлігі бұғанасы бекімеген жасөспірімдер.
Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев