Атырауда резервуарларға понтон орнатылып жатыр

Атырауда Тарас Қасымов атындағы мұнай айдау станциясында көлемі 20 мың текше метр болатын резервуарға понтон орнату жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды 24kz.

Бұл бірегей құрылғы мұнайдың булануын азайтып, атмосфераға шығарылатын зиянды заттар көлемін 80%-ке дейін төмендетуге тиіс. Бұдан бөлек, компания газ теңестіру жүйелері мен бу рекуперациялау қондырғыларын енгізіп, қазандықтарды табиғи газға ауыстырып жатыр. Былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда ауаға шығарылған зиянды заттар көлемі биыл 12%-ке азайған.

Мұқан Темірбаев, мұнай тасымалдаушы компанияның экологы:

- Біз заманауи экологиялық стандарттарға сай болу үшін жабдықтарды жаңғырту бағытында белсенді жұмыс атқарудамыз. Резервуарларға понтондар мен басқа да жүйелерді орнату қоршаған ортаға зиянды әсерді азайтуға және өндірістік процестеріміздің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Понтондар мен бу рекуперациялау сияқты технологияларын қолдану – бұл заманауи әрі тиімді тәсіл.