Биыл ауыл шаруашылығы техникасының лизингіне ₸216 млрд бөлінеді
Мемлекет басшысы агросектор автопаркін жыл сайын 10%-ке жаңартуды тапсырды, деп хабарлайды 24kz.
Қасым-Жомарт Тоқаев тозған техникаларды жаңғырту үшін жеңілдетілген лизинг беру бағдарламасын ерекше атаған болатын. Президент пәрменін орындауда «ҚазАгроҚаржы» компаниясы жүйелі жұмыс істеп келеді. Мәселен, биыл ауыл шаруашылығы техникаларын лизингке беруге 216 млрд теңге бөлді. Бұл былтырмен салыстырғанда 31%-ке көп.
Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:
- Биыл бес мыңға жуық кәсіпкер 10 мың техниканы лизингке алды. Ол үшін «ҚазАгроҚаржы» компаниясының қызметіне жүгінді. Бірлестік биыл бұл салаға 216 млрд теңге бөлген. Жыл соңына дейін тағы төрт млрд теңге қаржы беруге дайын.
Нияз Көшкімбаев, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарушы директоры:
- Былтыр да, биыл да бюджетті үлкейттік. Былтыр осы лизингке 180 млрд теңге жұмсалды. Биыл 220 млрд дейін жеткізейін деп отырмыз.
Айдар Прашев, «ҚазАгроҚаржы» басқарма төрағасы:
- 1999 жылы «ҚазАгроҚаржы» АҚ құрылды. Содан бастап біз 1,4 трлн теңге сомасында 86 мың бірліктен техника берілді, қаржыландырылды. Шаруаларға лизингке берілді. 25 жылдың ішінде ең бірінші жылы 2000-2001 жылдары қаржыландыру сомасы өте төмен болды, қазірмен салыстырғанда.
Ілкімді істің игілігін көргендердің бірі – Людмила Цебенко. Ол жиырма жылдан астам уақыт майлы дақылдар егіп, кәсібін дөңгелетіп отыр. Айтуынша, мемлекет мезіретінің арқасында жаңа техникалар сатып алыпты.
Людмила Цебенко, кәсіпкер:
- Біз «ҚазАгроҚаржы» компаниясы арқылы 16 техника сатып алдық. Шыны керек, өз қаражатымызбен бұған қол жеткізу мүмкін емес еді. Бізде тек жер ғана болатын. Адал еңбегіміз бен тың идеямызға сендік.
Келесі жылы да бұл жоба қарқын алады. Компания тағы 200 млрд теңгеден астам қаржыға шарт жасасуға ниетті. Меже орындалса, елдегі ескірген автопарк жаңарады.
Авторы: Шернияз Жалғасбекұлы