Кәсіпкерден ₸75 млн пара алды деп айыпталған мемлекеттік қызметкер сотталды

Батыс Қазақстан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкеріне қатысты сот үкімі шықты.

Әкімшілендіру басқармасының 38 жастағы жетекші маманы «Сырым» өткізу пунктінен жүк көліктерін кедергісіз өткізгені үшін жергілікті кәсіпкерден 75 млн теңге пара алған. Заңсыз әрекетін 2021 жылдың желтоқсанында бастап, 22 жылдың қыркүйегіне дейін жалғастырған. Кейін тергеу органдарынан бой тасалап, халықаралық іздеуге жарияланған болатын. Сот айыпталушыдан пара мөлшерінде қаржыны өндіріп, дүние-мүлкін мемлекет пайдасына тәркіледі. Үкім заңды күшіне енген жоқ. 

Динара Ғилманова, БҚО Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:

- Қылмыстық Кодекстің 366-бабы, 4-бөлігі аса ауыр қылмыстар қатарына жатады. Сот жаза тағайындау барысында барлық жеңілдетілген және ауырлататын мән-жайларды ескеріп, сотталғанға 10 жыл бас бостандығынан айыруды қолданды. Сонымен қатар қосымша жаза, мүлікті тәркілеу де қолданылды.