Елімізде жол-көлік оқиғасы азаймай тұр

Елде жол ережесін бұзатындар азаймай тұр.

Жыл басынан бері 26 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 2 мың 400-ге жуық адам қаза тапқан. Жарақат алғандар саны 33 мыңнан асады.

Мерей Қанапия, тілші:

- Астананың өзінде күн сайын шамамен 500-ге көлік жүргізушісі жол ережесін бұзады. Оның барлығы бейнебақылау камераларына жазылған. Қазір осы көшелердің біріне барып, тәртіп сақшыларымен рейдке шығамыз.

Ә дегеннен-ақ жол ережесін елемей, тәртіп бұзғандар анықталды. Патруль Қазақ радиосы көшесінің бойында екі жүргізушіні тоқтатып, хаттама толтырды.    

- Байқамай қалдым. Мен қонаққа келдім. Мына жерде форум болып жатыр, сол себепті байқамай қалдым. Мына жерден өтпеймін негізі.

Артынша ұсталған екінші жүргізуші де жол бойындағы белгіні көрмедім деп ақталды. 

- Знак бар ма ана жерде...Алдымдағы машина да шығып кетті ғой жаңа.

- 601-баппен хаттама салынады. Жол белгісін елемегені үшін. Айыппұл 5538 теңге болады. Бірінші рет болса ескерту берілмей ме?

- Жо-жоқ.  

Астанада жыл басынан бері 1 жарым мыңнан астам көлік жүргізушісі жол-көлік апатына ұшыраған. Қауіпті оқиғалардың басым бөлігі - солтүстік айналма жолында тіркеледі. Негізгі себеп маневр жасау ережелерін бұзу, дейді мамандар. 

Эльдар Данияров, қалалық ПД бастығының бірінші орынбасары:

- Апаттылықтың деңгейін төмендету үшін жылдамдық 90-нан 70 км-ге дейін төмендетіліп, тиісті жол белгілері орнатылды. Одан бөлек қосымша камералар орнатылды. Айналма жолдарда қауіпсіздік қамтамасыз ету мақсатында роликтік қоршаулар мен жарықтандыру жүзеге асырылды. Қарсы бағыттағы көлік жарығын жүргізушінің көзіне әсерін тигізбейтін қорғаныс экрандары қойылған.

Алдағы мерекелік іс-шаралар қарсаңында қалада жедел профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Яғни азаматтардың қауіпсіздігі үшін жаяу және патрульдік бақылау күшейтілгелі жатыр.

Мерей Қанапия, Ғалымжан Абдулахат