Ақтауда кейбір тұрғын үйлерде жылу жетіспейді

Ақтауда жылу беру маусымы басталған бетте жылу берілген. Бірақ кейбір үйлер әлі қоңыр салқын, деп хабарлайды 24kz.

Әсіресе, қаланың жоғары бөлігіндегі ықшамаудандарда мәселе өзекті болып тұр. «Жылу тарату желісінде күн сайын ақау шығады», - дейді мамандар.

Жалпы биыл шаһар аумағында 11,4 шақырым магистральді жылу жүйесі жаңартылыпты. Қалған жұмысты келер жылы жалғастыру жоспарланған.

Биыл Ақтауда магистральді жылу жүйесі күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Ескірген инженерлік инфрақұрылымды дәнекерлеп-монтаждау жаз бойы жалғасты. Құбырлар іші бос болған соң мамандарға сынақ жұмыстарын толықтай жүргізу қиынға соққан. Ал, 15 қазанда жылыту маусымы басталған кезде кейбір учаскеде жылу тарату желісінен ақау шықты.

Ердос Әлмырза, қала тұрғыны:

- 26-шағынауданның ПКСК төрағасымын. Бізде 42 үй бар. Соның ішінде 27-іне АТП қойды. Қалған 15-іне қоймай кетті. Қазір МАЭК-тің қуаты жоқ. Жетіспейтін болғасын міндетті түрде АТП қойылуы керек. Өзі жылуды көтеріп тұрады, түсіреді.

Мамандар ескірген құбырларды жаңалаудан бөлек көпқабатты үйлерді жылу басқару торабымен жабдықтауға кірісті. Қазірдің өзінде бірнеше ықшамауданда 400-ден астам құрылғы қойылды. Автоматтандырылған жылу торабы жылу жетіспеушілігі байқалған үйлерге ғана орнатылады.

Ерлан Шалабаев, мердігер мекеме қызметкері:

- Оның пайдасы даланың температурасымен жұмыс жасайды. Бізде енді Ақтау қаласында ауа райымыз қыстың күні не жылы болады, не салқын болады. Соған байланысты датчигіміз соған бағытталып жұмыс жасайды. Сондықтан біз қалада жылуды үнемдейміз 70%-ке.

Нұрбол Әділов, қалалық ТҮКШ бөлімінің бас маманы:

- 490 данасын орнату жоспарланған. Қазіргі уақытта соның 465 данасы орнатылды. Бұдан бөлек, келесі жылы тағы да осындай мәселе бар, жаңағыдай жылу жетіспеушілігі байқалатын үйлерге. Оларға да орнату жоспарда бар.

Ақтауда жылу тапшылығын жою үшін ауқымда жоба жүзеге асып жатыр. Оның аясында 2026 жылға дейін тозу деңгейі 75%-тен асатын 44 шақырым магистральді жылу құбыры кезең-кезеңімен ауыстырылады. Айта кетсек, осы мақсатқа Үкіметтен 5 млрд теңге бөлінді.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев