«Ауыл аманаты» аясындағы үздік жоба иелері марапатталды

«Ауыл аманаты» жобасы бойынша республикалық конкурс мәрсіне жетті, деп хабарлайды 24kz.

Онда үздік шаруашылық иелері марапатталды. Қызылордада өткен шараға Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов және Премьер-министрдің орынбасары мен кеңесшісі қатысты. Ерлан Қошанов өз сөзінде халықтың шамамен 40%-і ауылдарда тұратынын, сондықтан Президент өз сайлауалды бағдарламасында ауыл тұрғындарының жағдайын жақсарту мәселесіне ерекше назар аударғанын атап өтті. Бұдан бөлек, Мәжіліс төрағасы Бесарық ауылындағы «Ауыл аманаты» аясында өндірілген өнімдердің көрмесіне және жаңа супермаркеттің ашылуына қатысты. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасымен ашылған қаладағы «Қорқыт Ата» әуежайындағы жаңа терминалдың жұмысымен танысты.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Президент айтқандай, жаһандану дәуірінде қазақты сақтау үшін ең алдымен ауылды сақтауымыз керек. Сондықтан конкурс аясында біз ауыл өміріне ерекше назар аударуды көздедік. Ауыл – біздің алтын бесігіміз, мәдениетіміздің, дәстүріміздің және рухани өміріміздің сарқылмас қайнары. Ауылға деген қамқорлық – әрқайсымыздың өткенге, бүгінге және болашаққа деген қамқорлығымыз.