Қорғаныс министрі Президентке Smart-әскери комиссариат жобасы туралы баяндады

фото: akorda.kz

Бүгін Мемлекет басшысы Жетісу облысындағы жұмыс сапары аясында Қаратал ауданындағы Ескелді би аулына барып, ондағы әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты, деп хабарлайды 24kz.

Президент жаңадан салынған мәдениет үйі мен спорт кешенін аралап көріп, Жетісу облысына қарасты ауылдардағы инфрақұрылымды жақсару мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарды көрді.

Жетісуды қазақ ән өнерінің қарашаңырағы десек қателесе қоймаспыз. Кешегі Кенендердің кеудесіне қонған әуезді ән әлі де Жетісу жерінде қалықтай берері анық. Себебі аймақта мәдениетке де аз көңіл бөлініп жатқан жоқ. Қазір облыста 140-қа жуық мәдениет үйлері мен клубтар бар. Солардың бірі – желтоқсанның басында ашылған Қаратал ауданындағы Ескелді би аулының мәдениет үйі. Бүгін Мемлекет басшысы аталған өнер ордасына барды.

Мәдениет үйінде 7 көркемөнерпаздар ұжымы мен ауыл баларына арналған ән, би, домбыра үйірмелері бар. 150 орынға лайықталған нысанның ішінде акт залы мен кітапхана да орналасқан. Бұл ғимараттың ауыл мәдениетін көтеру мен жас таланттарды өнерге баулуға қосатын үлесі аз емес.

Мейіржан Сапарғали, оқушы:

- Менің домбырамен айналысқаныма 5 жыл болды. Осы мәдениет үйі жоқ кезде біз мектеп қабырғасында дайындалатынбыз. Мұғаліміміз шақырып дайындайтын. Мен өте көп күй білемін. Менің атам және оның атасы ойнаған. Атадан немереге келе жатыр. Менің атам ойнайды, әкеме ондай дар берілмеген.

Ескелді би ауылында 3 мыңнан астам халық тұрады. Ауылда спорт кешенінің жоқтығы да тұрғындардың қабырғасына батып жүрген. Бұл мәселе биыл шешілді. Облыс бюджетінен 100 млн-ға жуық қаражат бөлініп спорт кешені салынды. Қосқабатты нысанның ішінде волейбол, баскетбол, шағын футбол сынды спорт түрлеріне арналған әмбебап ойын залы мен күрес және жаттығу залдары бар.

Ермек Торғаев, Қаратал аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры:

- Осы спорт кешені замануй, кәзіргі уақытқа сай салынды. Әр залда шешінбе жай, жуынатын бөлме бар. Бұрын бұл ауылда спорт кешені болмаған кезде жалдамалы, жылуы жоқ жерлерде балалар шұғылданатын қазір міне, жылы жерде балар шынығады. Бұл спорт кешені үлкендерге де жұмыс жасайды. Кешкі 7-ге дейін оқушылар, кешкі 7-ден кейін ауылдың жастары келіп спортпен шұғылдануларына болады.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Үштөбе қаласында орналасқан Кемел Тоқаев атындағы орта мектепке де барып, оқу орнындағы жазушы мұражайымен танысты. 1997 жылы құрылған музейге қаламгердің тұтынған заттары, фотосуреттері, құжаттары мен кітаптары қойылған. Президентке жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған зияткерлік ойын және повестерінің желісі бойынша шағын қойылым көрсетілді. Мемлекет басшысына «Кемел Тоқаев атындағы қайырымдылық қоры» атқарған жұмыстар жөнінде де баяндалды. Биыл қордың құрылғанына 15 жыл толып отыр.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы Үштөбе қаласында орналасқан Қаратал ауданы қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің ғимаратын аралап көрді. 1983 жылдан бері қолданыстағы нысан биыл күрделі жөндеуден өтіп, қазан айында аталған мекемеге берілген. Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Президентке Smart-әскери комиссариат жобасы туралы баяндады. Жаңа бастамаға сәйкес азаматтар автоматты түрде әскери есепке алынады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Елге қызмет ету – азаматтық борыш. Бұл – өте маңызды жұмыс, қасиетті парыз. Үлкен әскери мансаптарға жетіп, генерал атаныңыздар. Азаматтық міндетті абыроймен атқарыңыздар. Антқа адал болыңыздар. біздің еліміздің лайықты азаматтары болыңыздар.

Матайбай Мағжан, әскерге шақырылушы:

- Президент мырза, мен өз әскери борышымды өтеуге бара жатырмыз. Бұл менің парызым. Әскерден кейін ЖОО-на сертификат алып, оқуға түссем деген ойым бар. Әскери борышымды өтеп, ата анаммен аман-есен қауышсам деген тілектемін.

Бұдан бөлек, Президентке Armiakz ақпараттық қызметі туралы да ақпарат берілді. Аталған жоба тәрбие және идеологиялық жұмыстарды ұйымдастыру мақсатында жасанды интеллект арқылы әзірленген. Ата-аналармен кері байланысқа ыңғайлы бұл қызметтің мобильді нұсқасы да бар.

Досжан Ысқақ, тілші:

- 7 өзеннің бойын жайлаған аймақта қазір 700 мыңға жуық халық тұрады. Еліміздің оңтүстік-шығысында жатқан Жетісу жері тұтас елдің экономикасына үлес қосатын стратегиялық маңызы зор өңір. Облыстың табиғаты да туризмді түлетіп, көл көсір пайдаға кенелуге мүмкіндік береді. Жалпы өңірде туризм саласын дамытудың негізгі 5 бағыты бар. Ол – Алакөл мен Балқаш, «Алтынемел» және «Жоңғар-Алатауы» ұлттық парктері, сондай-ақ Жоңғар Алатауының таулы алқабы.