Жетісу облысында көктемгі қарғын сумен күреске ₸589 млн бөлінді
Жетісу облысында өзендердің жағалауы бектіліп жатыр. Көктемгі қарғын сумен күреске биыл 589 млн теңгеден аса қаржы бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Қаражатқа қауіпті аймақтардағы каналдар мен арықтар кеңейтіліп, су тасқынының алдын алу жұмыстары атқарылды.
Жетісу облыстық ТЖД мамандары өңірдегі 47 елді мекенді су басуы мүмкін деп таныған. «Бүгінгі күнге дейін соның 43-індегі қауіп сейітілді», – дейді саладағылар. Қалған ауылдарда тасқынның алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Табаны тереңдетіліп жатқан канал Нұрмолда Алдабергенов ауылының ішімен өтеді. Бірнеше жыл бұрын қар суы осы арыққа сыймай, көше бойына жайылып, аулаларға кірген еді. «Атқарылған жұмыс нәтижесінде енді ондай жағдай қайталанбайтын болды», – дейді жергілікті тұрғын Руслан Дайыров.
Руслан Дайыров, Алдабергенов ауылының тұрғыны:
- Каналдан су асып кете ме деп уайым болатын. Малымыз бар, қора-жайымыз бар. Үйге су басып кете ме деп енді каналды көтеріп тастады, қорқыныш жоқ деп ойлаймыз. Енді өзіміз көктемде егінімізді егіп, уайымсыз жұмысымызды жасаймыз.
Абзал Батырұлы, Алдабергенов ауылдық округі әкімінің орынбасары:
- Бізде бұл мәселе қардың қалың түскеніне байланысты. Соңғы рет 2021 жылы болды. Осы Алдабергенов ауылында шамамен 21 үйді су басты. Болашақта осындай жағдайлардың алдын алу үшін жергілікті бюджеттен ақша бөліп, ИП «Саяхат» 2 млн ақшаға ұтып алып, жұмыстарын жасап жатыр. Дренаждың ұзындығы 1300 метр. Осы көшенің бас жағынан басталады да, Қусақ өзеніне қосылып кетеді.
Текелі қаласында Текелі, Қора, Шажа, Қаратал өзендері тоғысады. Аталған ағын сулардың арнасында төрт қауіпті аймақ бар. Көктемде су шайып кетуі мүмкін деген жерлер бекітіліп, темірмен тоқылып, тас толтырылған бөгет тұрғызылып жатыр.
Ринат Тазабеков, облыстық ТЖД басқарма бастығы:
- 2025 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық жүргізу мақсатында ағымдағы жылы Жетісу облыстық ТЖД үйлестіруімен жергілікті атқарушы органдарымен 44 су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспарланған болған. Бүгінгі күнге соның 40-ы бойынша жұмыс аяқталды. 4 учаскеде жұмыстар аяқталу сатысында.
Биыл аймақтағы каналдардың 17 километрі тазаланып, 400 метрлік тоспа тұрғызылды. «Оған қоса бөгеттердің бүлінген жерлері жөнделіп, өзендердің 11 шақырымдық жағалауы бекітілді», – дейді жауаптылар.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев, Айгүл Ғазизулина.