Таразда соңғы бес жылда қылмыс саны 45,5% төмендеді
Таразда соңғы 5 жылда тіркелген қылмыс саны 45,5%-ке азайды. Құқық қорғаушылар мұндай оң көрсеткішке «Тараз – қауіпсіз қала» жобасы аясында қол жеткізіп отыр. Құқықбұзушылықты дер кезінде анықтау үшін қала көшелері мен аулаларда бейнебақылау жүйесі орнатылып, оқу орындарында кездесулер ұйымдастырылды.
Былтыр Таразда 2500-ге жуық қылмыс тіркелсе, биыл көрсеткіш 2 мыңға дейін төмендеген. Жауаптылар кәмелетке толмағандар жасаған құқықбұзушылықтың алаңдатып отырғанын айтып отыр. Мәселен, жыл басынан бері 41 жеткіншектің қылмысы әшкереленді. Басымы – ұрлық, әлімжеттік деректері. Мұның алдын алдын алу үшін 30 мыңға жуық оқушыға сауалнама жүргізілді. Нәтижесінде 257 бала буллинг үшін есепке алынды. Жалпы 11 айда жасөспірімдер қылмысы 12,8%-ке азайған. Сонымен қатар есірткі қылмысының алдын алу үшін Telegram-бот жұмысы жолға қойылды.
Асылхан Әбітбеков, Тараз қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры:
- Бұл бот арқылы 3 мыңнан астам сайт бұғатталып, 500-ден астам граффити жойылды. Маскүнемдіктен зардап шегетін адамдарды мәжбүрлеп емдеу бойынша жаңа ереже қабылданып, 175 адам мәжбүрлі емдеуге жатқызылды.
Жалпы қаладағы қылмыстарды ізін суытпай ашуға жедел басқару орталығының 600-ге жуық бейнекамерасы септігін тигізіп жатыр. Бұл жұмыстарды одан әрі жетілдіру үшін биыл көпқабатты үйлер ауласына 200 бейнебақылау жүйесі орнатылып, 8 көше жарықтандырылды. Сонымен қатар 6 қауіпті аймақ анықталып қоршалды.
Нұрғалым Әбдіров, облыс прокуроры:
- Қаладағы криминогенді жағдай айтарлықтай жақсарды. Жобаның оң тәжірибесін ескеріп, қазіргі таңда өзекті болып табылатын мәселелерді толықтыру арқылы жалғастыру қажеттігі көрініп отыр.
5 жылдын бері жұмыс істеп келе жатқан жоба келер жылы да жалғасады. Бұл жолы қылмыспен қоса жол көлік оқиғаларын азайтуға басымдық берілмек. Ол үшін шаһар аумағында жаңа 8 бағдаршам орнатылып, 49-ы жаңартылады. 30 мектеп маңына жасанды кедергі төселіп, 1723 жол белгісі қойылмақ. Бұл үшін қала бюджетінен 500 миллион теңге бөлінеді.
Авторлары: Мерей Бает, Елдар Байділдә.