Елімізде су тасқынын болжайтын «Tasqyn» жүйесі жасақталып жатыр
Елде су тасқынын болжауға арналған «Tasqyn» жүйесі белсенді түрде әзірленіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Аталған ақпараттық жүйе ықтимал төтенше жағдайларды модельдеуге және нақты болжамдар жасауға мүмкіндік береді, бұл ауыр зардаптардың алдын алу үшін уақтылы шаралар қабылдауға көмектеседі. Сонымен қатар 3,5 мың шақырым суару желілерін цифрландыру жұмысы жүріп жатыр. Атап айтқанда, Қызылорда облысында Жаңашиелі, О-2, Келінтөбе, Әйтек және Сунақата сияқты бес арнада су жинау стансыларын қайта құру жобасы іске асырылып келеді. Жетісу, Түркістан және Жамбыл облыстарында 2024 жылдан 2026 жылға дейін 16 суару каналы автоматтандырылады. Сондай-ақ Қызылорда облысында 16 магистралды және шаруашылықаралық каналдарды автоматтандыру үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.
Су саласын дамытудың кешенді жоспары әзірленді
Қазақстанда жалпы 13 мыңнан астам гидротехникалық құрылыстар бар. Оның ішіне ауыл шаруашылығы жерлерін тұрақты суаруды қамтамасыз ететін су қоймалары, бөгеттер мен каналдар кіреді. Су ресурстары және ирригация министрлігі саланы дамыту үшін кешенді жоспар мен арнайы жол картасын әзірлеген. Бұл құжаттарға сәйкес 20 жаңа су қоймасын салу, сондай-ақ 14 мың шақырымнан астам суару каналдарын қосқанда қолданыстағы 15 су қоймасын қайта жаңарту жоспарланған.
Жәнібек Қайшыбекұлы, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің басқарма басшысы:
- Бүгінгі таңда Қазақстанда 1502 тірек гидротехникалық құрылыс-жайлары тіркелген. Оның барлығы бассейн инспекция өкілдері мен төтенше жағдай министрлігінің жергілікті департаменттерімен бірлесіп, визуалды тексеру жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі таңда берілген ескертулерге сәйкес ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар Қазақстанның су ресурстарын басқару жүйесін цифрландыруға да баса көңіл бөлінген. Атап айтсақ, «Tasqyn» су тасқынын болжау жүйесі жасақталып жатыр. Тың технология табиғи апаттардың алдын алуға мүмкіндік береді. Мәселен, жер бедерінің ерекшелігі мен тарихи деректерді саралап, көктемде келуі мүмкін су көлемін анықтауға болады. Ол үшін елдегі су айдындары туралы мәліметтер жинақталып жатыр.
Ердәулет Жұмат, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Цифрландыру департаменті директорының орынбасары:
- Бүгінгі күні «Қазсушар» мемлекеттік кәсіпорынының қарамағындағы 86 су қоймасы цифррландырылды. Қазгидромет республикалық мемлекеттік кәсіпорын деректері мен жаһандық су тасқынын ескерту жүйесі Glau Fast негізінде 75 өзеннің су шығыны мен деңгейі бойынша нақты және болжамдық мәліметтер цифрлық ағын гидографы әзірленді.
Бірақ биыл көктемдегі табиғи апат қауіп ел аумағындағы су айдындарынан ғана емес, шеттен келуі мүмкін екенін көрсетті. Сондықтан көрші елдермен трансшекаралық өзендер бойынша Үкіметаралық келісімдер жасалып жатыр.
Әділет Шәкірбайұлы, Қытай және Ресеймен су саласындағы ынтымақтастығы басқармасының бас сарапшысы:
- Өз кезегінде Ресей Федерациясымен су тасқыны кезеңінде тараптардың іс-қимылдарын үйлестіру үшін бірыңғай жұмыс тобы құрылды. Қытай Халық Республикасына келетін болсақ, қазіргі таңда Қытай тарапымен трансшекаралық өзендердің су ресурстарын бөлу жөнінде келісім жобасы келісімделіп жатыр. Сондай-ақ су саласындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында меморандум жобасы әзірленіп жатыр.
Аталған мәселе бойынша бірлескен комиссиялар 35 тен астам кездесу өткізген. Соның нәтижесінде Шу, Талас және Сырдария трансшекаралық өзендері бойынша су беру кестелері Қырғызстан және Өзбекстан Республикаларымен келісілді.