Ақтөбе өңірінде тұрақтандыру қорының тауары сауда сөрелеріне шығарылды

Ақтөбе облысының бағаны тұрақтандыру қорында 15 мың тоннаға жуық азық-түлік сақтаулы, деп хабарлайды 24KZ. Қыс басталғалы әлеуметтік тауар сауда сөрелеріне жеткізіліп жатыр. Оларды коммуналдық базарлармен қатар жергілікті ірі дүкендер желілерінен де табуға болады.

Бұл қоймадағы қартоп пен қырыққабат, сәбіз бен пиязды Ақтөбе өңірінің шаруа қожалықтары өсірген. Жыл басында жергілікті билік үш серіктестікпен келісімшарт жасап, қажетті өнімдермен қамтамасыз етуге келіскен. Нәтижесінде 4700 тонна қартоп, 384 тонна сәбіз, 400 тонна пияз, 441 тонна қырыққабат қоры жасақталды. Олардың сапасы да жіті бақылауда.

Жамбыл Салиев, «Ақтөбе» ӘКК Азық-түлікпен қамтамассыз ету департаментінің бас менеджері:

- Тұрақтандыру қорынан апарған кезде сауда нысандарының өздері қабылдап алады. Сол кезде иә, кейін қайтарады, иә, алуға құқылы. Әрі қарай сауда сөресіне сапалы тауарды шығару – сатушының, яғни сауда нысанының құзіреті.

Әлеуметтік тауарды Ақтөбе өңіріне танымал ірі сауда желілерінің дүкендерінен табуға болады. Сонымен қатар облыс орталығындағы коммуналдық базар сөрелеріне де шығарылады. Тұрақтандыру қорынан бөлінген тауарға сатушылар 15%-тен артық үстемақы қосуға қақы жоқ.

Нурия Шакирова, қала тұрғыны:

- Күнделікті тұтынатын пияз, қартоп, қырыққабат пен сәбіз сияқты көкөністі осы жерден сатып аламын. Басқа дүкендермен салыстырғанда құны 100-150 теңгеге арзан. Сондықтан үйім алыс болса да, осында келемін.

Ольга Истаева, сатушы:

- «Оптовая» цена 250 теңгеден. Мен күнде 41-ге барып жатырмын ғой. Картоп 250 теңге. Ал бізде 116 теңгеден. Тұрақтандыру қоры бізге беріп жатыр. Күніне біз 200-300 келі сатып жатырмыз. Көп алғысы келеді адамдар.

Көкөністен бөлек, күріш пен күнбағыс майы, қант, қарақұмық пен бірінші сорт ұн қоры да жасақталған. Сүт пен айран сияқты өнімдер Мәртөк ауданынан күнделікті жеткізіліп отыр. 2024-2025 жылдар аралығында нарықтағы азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін жергілікті бюджеттен 4 жарым млрд теңге қаржы бөлінген.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов.