Атырауда «Ембімұнайгаз» компаниясы жыл үздіктерін марапаттады

Атырауда «Ембімұнайгаз» Ұлттық компаниясы» АҚ жылдың үздік қызметкерлерін анықтап, салтанатты жиында марапаттады. Жұмысшыларды қолдап, оларды ынталандыруға бағытталған «Жыл үздігі» байқауы 2020 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Биыл өнімді еңбек еткен 18 адам 6 номинация бойынша үздік атанды.

Маратбек Тәженов «Ембімұнайгаз» АҚ-ға қарасты «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасында «Ұңғымаларды жер асты жөндеу» цехының бастығы боп жұмыс істейді. Биыл өндірістің экономикалық өсімін арттыру мақсатында жаңа жоба ойлап тапқан. Осындай игі бастамасы үшін салтанатты жиында марапатталып, компания басшылығы «Жыл рационализаторы» атағы мен бағалы сыйлық табыстады.

Маратбек Тәженов, «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының цех бастығы:

- Соңғы кезде жұмысты жеңілдету есебінде экономикалық эффектіні көбейту үшін біздер бір ойлап тапқан шарамыз болды. Сол іске асты. Соны кеше техсоветте қабылдап, үздік рационализатор есебінде қолдап, «звание» беріп отыр. Ембімұнайгаз басқармасына көп-көп рақмет.

Ембілік мұнайшылар өндіріс көлемін арттыруда ғана емес, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауда да көш ілгері. Осы бағыт бойынша жақсы көрсеткішке жеткен Еңбекті және қоршаған ортаны қорғау департаментінің басшысы Әнуарбек Каримов «Жылдың үздік менеджері» атанды.

Әнуарбек Каримов, «Ембімұнайгаз» ҰК» АҚ Еңбекті және қоршаған ортаны қорғау департаментінің директоры:

- Бұл бір адамның ғана емес, ұжымның еңбегі деп білемін. Техникалық қауіпсіздікті сақтау мақсатында департамент жақсы көрсеткішке қол жеткізді. Қоршаған ортаны қорғау бойынша да бірнеше жоба жүзеге асты. Келер жылы ластанған жерлерді қалпына келтіру жұмыстарын аяқтаймыз.

Салтанатты жиында 6 номинация бойынша 18 үздік қызметкер анықталып, марапатталды. «Ембімұнайгаз» АҚ бас директорының міндетін атқарушы Рысты Тасмағамбетова компания қызметкерлеріне нәтижелі жұмысы үшін алғыс айтып, келер жылға табыс тіледі.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов.