Жаңа дизайндағы 10 000 теңгенің 19 түрлі қорғаныш элементі бар

Қазақстан Ұлттық банкі «Сақ стилі» сериясының жаңа банкноталарын айналымға кезең-кезеңімен шығарып келеді. Биыл маусым айында қолданысқа берілген 10 мың теңгелік банкнотаның қорғаныш элементтерінде, өзіндік ерекшеліктер бар. Олар жалған ақшадан ажыратуға көмектеседі.

Бұл ежелгі сақ дәуірінен сыр шертетін белгілер. 10 мың теңгелік банкнотаның ерекшелігі осында. Ондағы қорғаныш элементтері түпнұсқаны жалған ақшадан ажыратуға көмектеседі. Қазақстан елтаңбасы мұнда алтын металл бояудың жоғары бедерлі қабатымен басылған.

Әлия Рәбілева, ҚҰБ банкноталар мен монеталар дизайны басқармасының жетекші маманы:

- ҚҰБ 10 мың теңгелік мерейтойлық банкнота шығарған болатын. Ұлттық валютаның 30 жылдығына арналаған. Жаңа қорғаныш элементтеріне ие және бұл мерейтойлық банкнота заңды төлем құралы болып табылады.

10 мың теңгелік ақша бетінде жануарлар мен ою-өрнек бейнеленген. Сондай-ақ қорғандардан табылған тарихи жәдігерлерді де көруге болады. Банкноталарды шығарарда мамандар тарихшылармен ақылдасатынын айтады. Жаңа сериямен шыққан ақшалардың 19 түрлі қорғаныш қасиеті бар.

Әлия Рәбілева, ҚҰБ банкноталар мен монеталар дизайны басқармасының жетекші маманы:

- Күн көзіне қарап көрсеңіз, су тамғы белгісін көре аласыз және де қорғаныш жіп элементі, лүпілдеу әсеріне ие. Банкнотты қозғап көрсеңіз, оның түсін өзгерткенін байқай аласыз. Сонымен қатар банкнотта тактильді элементтер бар. Тактильді элементтерге тоқталсақ. Банкноттың шетінде көзі нашар көретін адамдарға арналған элеменет бар. Қолмен ұстағанда рельефті қасиеттерге ие.

Айта кетейік, «Сақ стилі» сериясымен шыққан 5000 теңгелік банкнота былтыр жыл соңында айналымға шыққан болатын. Қалған номиналдағы ақшалар кезең-кезеңімен 2026 жылға дейін қолданысқа беріледі.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Артур Горшняков.