Астана-Бурабай бағытында жаңа туристік электр пойызы іске қосылды
Тұмса табиғатымен адам жанын баурайтын Бурабай жеріне енді екі-ақ сағатта жетуге болады. Көрікті мекенге қыдырып барушылар үшін жаңа туристік электр пойызы іске қосылды. Елордадан қатынайтын пойыз жолаушыларды тез жеткізіп қана қоймай, олардың сапарын әсерлі де қызықты ете түседі.
Дәстүрлі қоңырау үнімен шойын жолға шыққан жаңа пойыз жылма-жыл ағыны артып келе жатқан туристер игілігіне қызмет етеді. Мысалы, 2023 жылы Бурабайға пойызбен 188 мың адам сапарлап барса, биылғы 11 айдың өзінде жолаушы саны 235 мыңға жеткен. Отандық тасымалдаушы туристер сұранысын өтеп қана қоймай, олардың сапарын барынша жайлы етуге тырысқан.
Дәурен Төреқұлов, «Жолаушылар тасымалы» АҚ департамент басшысы:
- Бұл электр пойызы жолаушыларды Астанадан Бурабайға аралық аялдамасыз небәрі 2 сағат 26 минутта жеткізеді. Электр пойызы сейсенбі мен сәрсенбіден басқа күндері күн сайын қатынайды. Жаңа электр пойызы 574 жолаушыға арналған. Жайлы орындықтар «Комфорт Плюс» еуропалық стандартына сәйкес жасалған.
6 заманауи вагоннан тұратын электр пойызы «Өнеркәсіпті дамыту қорының» қаржыландыруымен отандық өндірісте жасалған. Пойызда микроклимат жүйесі, USB-қуаттағыштар, Wi-Fi желісі бар. Мүмкіндігі шектеулі жолаушылар үшін арнайы көтергіштер мен арбаға арналған орындар қарастырылған. Ал вагондардың сыртында Астананың көрікті жерлері мен Бурабайдың әсем табиғаты бейнеленген.
Гүлнәр Бекжанова, Астана қаласының тұрғыны:
- Демалуға бара жатырмын Бурабайға. Маған өте ұнайды бәрі. Іші кең, керемет екен. Өзі тез жүреді екен. Бұрынғы уақыттан гөрі, одан да ертерек барады екенбіз. Екі сағаттың ішінде жетеді екенбіз.
Билет құны «Нұрлы Жол» стансысынан 2770 теңге, «Астана» стансысынан – 2548 теңге болады. Алдағы уақытта басқа да туристік бағыттағы пойыздар жаңартыла береді.
Авторлары: Қуандық Танабас, Марат Диқанбаев.