Алматыда балаларды тамақтандыру стандарты талқыланды
Алматыда қоғамдық кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары білім беру және тәрбие ұйымдарында тамақтандыруды ұйымдастырудың жаңа стандартын талқылады, деп хабарлайды 24KZ. Кезедсуге ата-аналар мен Қазақ тағамтану академиясының мамандары да қатысты. «Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеген жаңа стандарт сапалы және теңгерімді тамақтануды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – дейді мамандар. Сондай-ақ жаңа құжат білім беру ұйымдарында тамақтануды ұйымдастыру тетіктерін жетілдірмек. Атап айтқанда, жобада оқушыларға арналған тамақты белгіленген кесте бойынша беру және оны ішіп-жеуге жеткілікті уақыты болатындай ұйымдастыру көрсетілген.
Сонымен қатар, тағам әзірлеуге болмайтын азық-түзік тізімі, балалар мәзірінде қант пен тұзды аз қолдану сияқты бірқатар талаптар қамтылған. Стандарт жобасын талқылау 17 желтоқсанға дейін жалғасады. Қоғамдық ұйым өкілдері жобаны алдымен пилоттық үлгіде бірнеше білім беру ұйымдарында енгізуді ұсынды.
Рафаэль Гасанов, қалалық қоғамдық кеңес мүшесі:
- Бұл бүге-шігесіне дейін зерттеуді қажет ететін құжат. Себебі балалардың денсаулығы маңызды. Бүгін қоғамдық ұйым өкілдері бірқатар ұсыныстарын айтты. Стандарт Алматы, Астана қалаларына ғана емес, барлық аймақтар үшін қажет. Сондықтан жан-жақты ұсыныстар ескерілу керек.