Астанадағы Байқоңыр ауданында мұз айдыны ашылды
Астана қысы көңілді. Жақын уақытта қала бойынша 60-қа жуық қысқы демалыс орны іске қосылмақ. Бұлардың қатарында мұз айдындары, сырғанақтар, шағын архитектуралық нысандар мен фотоаймақтар бар. Бүгін Байқоңыр ауданындағы Жастар сарайының алдында мұз айдыны ашылды.
Астанада қала тұрғындары мен қонақтарына қыс қызығын сыйлайтын орындар баршылық. Бүгін Байқоңыр ауданындағы Жастар сарайының алдында мұз айдыны ашылды. Ашылу салтанатына аудан тұрғындары көптеп жиналды. Әуелеген әсем ән келгендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады және осы жерде көпшілікке дәмді бауырсақ пен ыстық шай таратылды. Ал балалар сырғанақтан сырғанап, қызыққа батты.
Жұлдыз Адай, мектеп оқушысы:
- Бізде қазір тегін сырғанау және коньки ойындары болып жатыр. Уақытымыз өте қызықты өтіп жатыр. Бізге түрлі ойындар, эстафеталар жасап жатыр. Ыстық тамақтар, ыстық кофе, шай таратып жүр. Біз енді осы жерге үнемі достарымызбен келіп, яғни қыс сезоны біткенге шейін осы жерде тегін ойнап кетіп жүре аламыз. Сол үшін өте қатты қуаныштымыз.
Нұрбек Қанатұлы, №16 мектеп мұғалімі:
- Бүгін осындай шараға келіп тұрғанымызға өте қуаныштымыз. Осы Байқоңыр ауданында осындай тегін шара ұйымдастырғаны өте жақсы. Балалар көңіл күйі өте жақсы. Коньки теуіп жүр, ватрушка, бәрі тегін. Балалардың көңіл күйі өте жақсы. Ұнап жатыр бәрі. Жүгіріп келіп: «Ағай, өте жақсы, рақмет, тағы да келеміз бе?», – деп сұрап жатыр. «Ендігі рет қашан келеміз?», – деп.
Ашылу салтанатынан кейін түрлі сайыстар өткізілді. Балалар тюбингпен сырғанап жарысса, жасөспірімдер коньки сайысында кім жүйрік екенін анықтады. Сондай-ақ олар командаларға бөлініп, хоккей матчында сынға түсті. Түрлі байқаулар ұйымдастырылып, жеңімпаздар қошеметке бөленді.
Дінислам Теміртас, мектеп оқушысы:
- Төрт досыммен келгенмін. Бауырыммен және екі досыммен. Біз мына жерде күн сайын ойнап жүрміз. Мен жарыстан бірінші орын алғанмын конькимен. Осы парк өте күшті және әдемі. Осы паркте сырғанақтар бар және коньки бар.
Жалпы аудан бойынша жақын күндері тағы бірнеше жерде мұз айдыны мен сырғанақтар іске қосылмақ. Балақайларды қызық-қуанышқа бөлеген Жастар сарайының алдындағы мұз айдынының аумағы – 800 шаршы метр. Уақытты көңілді өткізу үшін қажетті жағдай жасалған. Кешкі уақытта жарық, арнайы электр бағандары орнатылған. Демалысқа арналған барлық қызмет түрлерін де осы жерден табуға болады.
Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Еламан Мұстафа.