Алматы облысы Ақтерек ауылына табиғи газ берілді
Тәуелсіздік күні қарсаңында Алматы облысының Жамбыл ауданындағы 4 мың тұрғыны бар Ақтерек ауылына табиғи газ берілді.
Шалғай ауылды газдандыру жобасына 1 млрд 82 млн теңге бөлініп, игерілді. Бүгінде Ақтеректегі 37 үй табиғи газ құбырына қосылды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Көгілдір отынның келуі тұрғындардың тұрмысын жақсартып қана қоймай, аталған елді мекендегі маңызды әлеуметтік нысандардың жұмысына да оң әсер етеді. Ол өз кезегінде ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін береді. Алматы облысында биыл ауылды аймақтарды газдандыру бойынша жалпы құны 18,2 млрд теңгенің 59 жобасы жүзеге асып жатыр. Жыл аяғына дейін газдандыру деңгейі 53%-ке жетеді. 2027 жылға дейін бұл көрсеткішті 70 пайызға жеткізу көзделіп отыр.
Алпысбай Орманов, Ақтерек ауылының тұрғыны:
- Осы газды көптен күттік қой, сонау 90-жылдан бері қарай, бүгін өте қуаныштымыз біз. Ауылымызға газ түсіп, осыны көптен бері армандап жүргенбіз. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, еліміз ғұмырлы болып, кейінгі ұрпақтарды осындай қуанышқа бөлей берейік ауылымызға жақсылық жасап.