Түркістан облысындағы ауыл жылдар бойы интернетсіз өмір сүріп келеді
Түркістан облысының Төлеби ауданында бүтін бір ауыл жылдар бойы интернет пен ұялы байланыссыз өмір сүріп келеді.
Мыңға жуық халқы бар Шахта Тоғыс елді мекені 21 ғасырда өркениет игілігін көре алмай отыр. Ал әкімдік байланыс операторларының антеннасы орнатылмағанымен тұрғындар «Қазақтелекомның» кабельді желісіне қосылғанын айтады.
Шахта Тоғыс елді мекені Леңгір қаласынан небәрі 4 шақырым жерде орналасқан. Бірақ соған қарамастан ауылда интернет те, ұялы байланыс та жоқ. Сондықтан елдімекен тұрғындары хат-хабар алу үшін осы қырдың басына шығады. Әсіресе мектеп оқушыларына қиын.
Тимуджин Сартаев, мектеп оқушысы:
- Биыл 11-сыныпқа өттік. Бізге ақпараттар керек. Олар ақпаратты алу үшін бізге сеть керек. Біздің ауылда сеть ұстамайды. Ал интернетке шығу үшін бізге қырға шығу керек. Ол қыз біздің ауылдан 2 шақырым жерде. Кейде 2-3 бала болып келеміз. Кейде апайлармен бірге келеміз. Ол апайлардың өздері де құжаттарын жасайды.
Тоғыстықтардың айтуынша, кейбір үйлер мен мекемелерге интернет желісі тартылған. Алайда оның өзі мардымсыз. Жылдамдығы төмен. Ал ұялы байланыстың болмауы әсіресе цифрлық қызмет алуға, банк қызметін пайлалануға көп кедергі. Ең сорақысы, адам ауырғанда телефонмен көмек шақырта алмай қиналамыз,- дейді жұрт.
Сейітхан Жақсыбаев, ауыл тұрғыны:
- Осы Шахта Тоғыста 6 мекеме бар. 1 балабақша, медпункт, 2 мектебіміз бар. Одан кейін воинский часть. Осы жерде жұмыс істеп жүргеннің саны 2300. 198 үй бар. Мысалы, адам ауырып қалды. Жедел жәрдем шақыра алмайсың. Ең қиын жағдай осы болып тұр.
Долан Сартаев, ауыл тұрғыны:
- Мысалы, былтыр өрт сөндірушілерді да шақыра алмадық. Ағайындарымыздың шөбі өртенді, сарайы өртенді. Өрт сөндіруші уақытылы келді. Бірақ біз хабарласқанша кеш болды да. Бәрі өртеніп, жоқ болып кетті.
Жедел жәрдемді шақырту үшін жарты сағат жол жүру керекпіз. Бір антеннаны қойған баяғыда, әкімшілік пе, білмеймін. Қойды да, жарты жыл істеген жоқ онысы. Жинап алды да алып кетіп қалды.
Көршілес Аққұм ауылы да байланыстан тыс қалған. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, екі ауыл түзеу мекемесіне тым жақын орналасқандықтан байланыс жоқ. Алайда тұрғындар мұны қисынсыз дейді. Десе де, жауаптылар байланыс компаниясына хабарласып, мәселені жуық арада шешеміз деп отыр.
Бейбіт Төлешов, аудандық ақпараттандыру және мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі бөлімінің басшысы:
- Шахта Тоғыс елдімекенінде 98% «Қазақтелекомның» кабелді интернетімен қамтылған. Мобильді байланысқа келетін болсақ, ауылға кіре-берісте база станция орнатылған. Алайда жердің қыртысына сәйкес, ол жерге радиосигнал бармайды. Біз Кселл ұялы байланыс операторына хат жазғанбыз, олар кіреберістегі антеннаны жылжытамыз деп уәде берген. Жылжытқан жағдайда интернет ұстау мүмкіндігі бар.
Енді мобильді байланыссыз күн кешіп жүрген тұрғындарға жылдың соңын күткеннен басқа амал жоқ. Өркениеттен қол үзіп қалған екі ауыл ғана емес, Жаңа күш елді мекенінің жұрты да ұялы байланыстың игілігін көре алмай отыр.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш