Таразда 540 тұрғын үй күрделі жөндеуді қажет етіп тұр

Тараздағы 540 көп қабатты үй күрделі жөндеуді қажет етіп тұр.

Олардың басым көпшілігі 50 жыл бұрын салынған. Сондықтан шатырларынан су ағып, ауыз су мен кәріз жүйесі тозған. Қала әкімдігі мәселені кезең-кезеңімен шешпек.  Биыл 53 үйде жаңғыту жұмыстары жүріп жатыр.

Қала орталығында орналасқан бұл баспана 1965 жылы салынған. Содан бері бірде-бір рет жөндеу көрмеген. Салдарынан инженерлік желілері тозып, шатырынан аққан су бірінші қабатқа дейін өтеді. Әсіресе ауыз су желісінің құбыры шіріп, әр жерден тесіліп жатыр.

Эльмира Оспанова, қала тұрғыны:

- Ровно 2 жыл болды міне осындай сусыз қалып жатқанымызға. Былтыр біз бір апта отырдық сусыз. Скл Сәл тамшыласа кірлен-пірлен шелектерге жинап алып жатырмыз. Ал ішетін суымызды барып сатып алып жатырмыз.

Көп қабатты үй орталық көшеде орналасқандықтан шатыры мен сыртқы келбеті әкімдік бюджеті тарапынан жөнделмек. Бірақ баспана иелері электр, су, кәріз жүйесі мен кіреберістерін, тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы аясында қалпына келтіруі керек. Ол үшін 70 пайыз пәтер

Нұрсұлтан Исабеков, қала әкімінің орынбасары:

- Орталық көшелердегі 16 үй биыл сыртқы жабыны мен төбе жабыны ауысатын болады. Бұл жоспарда бар. Қаражаты қазіргі таңда бюджеттік өтінім беріліп қойған, 2025 жылы біз бұл 16 үйді жөндеп шығамыз. Бұл жерде шатыры мен сыртқы жабыны және мынау балкондары ауысады. Біз ішкі желіге бұл қаражат есебінен кіре алмаймыз.

Биыл облыс орталығында 53 баспана қайта жаңғыртудан өтіп жатыр. Ескі үйлердің жертөлесі мен кіреберістері жөнделіп, сыртқы келбеті қалыпқа келтірілуде. Ауыз су және кәріз құбырлары да толықтай ауыстырылды. Бұған бюджеттен 5 миллиард 86 млн тг бөлінген.  Бірақ бір ай бұрын бітуі тиіс құрылыс, кестеге сай аяқталмады.

Алмат Радикұлы, «Тұрғын үй жөндеу Тараз» мекемесінің директоры:

- Келісім-шартқа сәйкес, бұл жұмыстарды біз желтоқсан айына дейін аяқтауымыз қажет болған. Алайда республикалық бюджеттен қаражат кешіктіріп келуіне байланысты бұл жұмыстарды біз осы желтоқсан айында орындауды көздеп отырмыз. 3 үй бар. Сол үш үйдің сыртының сырақтарын аяқтау жұмыстарын біз келесі жылға жоспарлап отырмыз.

Жалпы қазір Тараздағы 1400-ден аса көпқабатты үйдің 540-ы қайта жаңғыртуды қажет етіп тұр. Жергілікті билік келер жылы 60-қа тарта баспананы қалыпқа келтірмек. Қалғаны алдағы жылдары қолға алынады. Ал оған жұмсалған мемлекет қаржысын тұрғындар 15-20 жыл ішінде қайтарады.

Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә