Тәуелсіздік күні қарсаңында ақмолалық 27 отбасы баспаналы болды

Бұл жолы қоныс тойын Жақсы ауданының тұрғындары тойлады, деп хабарлайды 24kz.

Жаңа пәтерге ие  болғандардың қатарында көпбалалы аналар, зейнеткерлер мен әлеуметтік аз қамтылған жанұялар бар.

Көпбалы ана Ләззат Әбілдина үшін бүгін айтулы күн. Оның көп жылғы арманы айшықты мереке қарсаңында орындалды. Төрт қызғалдағының үлкені 13-те болса, кенжесі балабақша табалдырығын енді аттаған. Көпбалалы ана үш бөлмелі жаңа пәтерге ие болды.

Ләззат Әбілдина, көпбалалы ана:

- Әрине, қуандық. Пәтер өте ұнады. Іші жылы, жайлы. Бізде Жақсы ауданында Шанхай деген жерде тұрдық. Ол алыс болатын. Теміржолдың арғы бетінде. Балаларға сабаққа қатынауға қиын болған. Боран болғанда жол болмай қалады деген сияқты. Енді қазіргі таңда жақсы болып тұр.

Ауданда баспана қиындығын көрген әлеуметтік осал топтағы жанұялар бұл қуанышты ұзақ күтті. Жаңа үйлер орталықтандырылған ауызсу желісі мен электр энергиясына  қосылған. 3 қабатты тұрғын үй құрылысына облыстық қазынадан 428 млн теңге бөлінді.

Дәулет Қосшығұлов, Жақсы аудандық құрылыс бөлімінің басшысы:

- 2025 жылы біздің ауданда 18 пәтерлі қос тұрғын үй салатын құрылыс компаниясымен келісім жасалды. Қазір облыстық құрылыс басқармасына қаржылық өтінім жіберілді. Аудан бойынша 254 адам баспана кезегінде тұр. Алдағы уақытта дайын үйлерді сатып алу жүйесі арқылы баспана кезегі едәуір қысқарады деген ойдамын.

Ақмола облысында қазір көппәтерлі 55 үй салынып жатыр. Оның 25-і жыл соңына дейін ел игілігіне беріледі. Осылайша, 1300-ге жуық ақмолалық қоныс тойын тойлайды. Жалпы биыл облыс бойынша екі мыңнан астам адам баспаналы болды.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкоренка