Атырауда есірткіге қарсы жастар форумы өтті
Атырауда алғаш рет «Есірткіге жол жоқ» тақырыбында жастар форумы өтті, деп хабарлайды 24kz.
Шараны облыстық әкімдік пен полиция департаменті ұйымдастырды. Жиынға оқушылар мен студенттер, қоғамдық ұйым өкілдері мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері, сонымен қатар өңірдегі жұмысшы жастар қатысты. Ал тікелей эфирде форумды 30 мыңнан аса көреремен тамашалады.
Форумға арнайы шақырылған спикерлер есірткіге қатысты қылмыстардың алдын алу, нашақорлыққа тосқауыл қою бағытында өз пікірін білдірді. Ата-ана мен бала арасындағы байланыстың маңызды екенін атап өтті. Кейін облыс әкімі, полиция департаментінің бастығы мен облыс прокуроры және сот қызметкері атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, жастарға ақыл-кеңесін айтты.
Серік Шәпкенов, облыс әкімі:
- Бұл індетпен біз ел болып, қоғам болып күресуіміз керек. Бұл тек қана ішкі істер органдарының жұмысы немесе прокуратураның жұмысы немесе сот қызметінің ісі деп немесе әкімдіктік жұмысы деп қарамауымыз керек, бұл жерде барлық күштер бірігіп, жұмыс істегенде ғана біз бұл індетті мен ойлаймын толығымен жеңе аламыз деп.
Өңірде киберқадағалау бағдарламасы арқылы есірткі жарнамалайтын 230 сайт анықталып, бұғаттау үшін Ішкі істер министрлігіне жолданған. Сондай-ақ 100-ден аса граффити-жазба жойылды. «Бүгінде есірткі қылмысы жастар арасында көп тіркеледі», - дейді полиция департаментінің бастығы Нұрхат Оразбаев.
Нұрхат Оразбаев, полиция департаментінің бастығы:
- Соңғы жылдары жатсардың болашағына кері әсер ететін факторлар ретінде есірткі қылмысы анықталуда. Атырауда есірткі заттарын заңсыз сақтау, сату және пайдалану дерегімен 3 жасөспірім анықталып ұсталды. Есірткі қылмысына қатысты күдіктілердің 60%-і 17-35 жас аралығындағы жастар екені алаңдатуда.
Жиын соңында шақырылған қонақтар есірткімен қоғам боп күресудің маңызын айтты. Қылмыстың алдын алу үшін ұсыныстар ортаға салынып, жауаптыларға тапсырмалар жүктелді.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Матенов