Сыр өңірінде жыл соңына дейін 11 медициналық нысан салынады

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Қызылорда облысына жұмыс сапарымен барып, медицина саласының өкілдерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды 24kz.

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев және Міндетті медициналық сақтандыру қорының басшысы Әбілқайыр Сқақов аймақтағы жағдай туралы баяндады. Қызмет көрсету сапасын арттыру, дәрігерлердің кәсіби деңгейін көтеру, саланы цифрландыру және инфрақұрылымды дамыту сияқты денсаулық сақтаудың өзекті мәселелері талқыланды. Президенттің тапсырмасы бойынша қолға алынған «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының атқарылу барысы қаралды. Бағдарлама аясында жоспарланған 27 нысан құрылысының 16-сы былтыр аяқталды. Биыл қалған 11-ін аяқтау көзделіп отыр. Шалғай ауылдардағы тұрғындардың қызметке қол жеткізуін қамтамсыз ету үшін телемедицина мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажеттілігі де қозғалды. Кездесуде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы сұрақтар да көтерілді. Вице-премьер бұл ретте сақтандырылған азаматтар барлық қажетті медициналық көмекке қол жеткізуі керектігін баса айтты.