Шымкентте көпқабатты үйлердің электр желісін жаңарту керек

Шымкентте көпқабатты 15 үйде газ баллонын тұтынып отырғандарға электр энергиясын пайдалану ұсынылып отыр, деп хабарлайды 24KZ. Алайда бұл үйлерде электр желісі тозғандықтан, қуаты жетпейді. Қазіргі мәселе желілерді жаңғырту болып тұр. Ол үшін мемелекеттік бағдарламаның тиімді шарттары бар. Мамандар электр желісін толықтай жаңғыртуға қажетті қаржы тетіктерін қарастырып, «мүлік иелері бірлестігін» құруға кеңес береді.

Жатақхана үлгісінде салынған мына көпқабатты үйде жүз отбасы тұрады.  Тұрғындар ас-суды дайындау үшін электр пешті пайдаланып, энергияны артығымен тұтынады. Салдарынан жөндеу көрмеген ескі желіден жиі ақау шығып, жарық сөнеді. Тұрғындар, амал жоқ, газ баллонын пайдаланып жатады. Бұл көппәтерлі үйлер үшін өте қауіпті.

Эльмира Кенжеәлиева, қала тұрғыны:

- 80% квартиранттар тұрады. Жалдап тұрады. Енді көп көршінің үйіне кіре алмаймыз. Бірақ газ баллонмен отырғандар да бар деп естідім. Соның бәрін жойып, апаттық жағдайлардың алдын алу үшін ток пешке көшеміз деп жатырмыз бәріміз. Бірақ көп жердің автоматтары шыдамайды.

Биыл газдандырылмаған көпқабатты 1 үйдің электр желісі толық ауыстырылды. Тағы 15 үйдің тұрғындарына жарық жүйісін жаңғыртуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаның шарттары түсіндірілді. Пәтер иелерінің ортақ меншігін жөндеу үшін жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, ол көп жылға процентсіз беріледі. Қала билігі электр жүйесіндегі мәселе шешімін тапқанда ғана газ баллонды заңсыз пайдаланушылар тыйылады дейді.

Мәлік Әбдінұров, қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары:

- Жатақханаларда жүз пәтер, одан да көп пәтер бар. Әр үй әртүрлі ғой. Сол пайдаланушы азаматтарға біз міндетті түрде осындай насихаттау жұмысын жүргіземіз. Ертерек осы модернизациядан өткізіп, жарық жүйелерін жаңартып, қуатын көбейтсек, электр плиталарын пайдалана береді.

Энергетика басқармасының өкілдері де кыстыгүні қалалықтардың электр қуатына деген сұранысы артатынын айтады. Сағатына 350 мегаваттан 420 мегаваттқа дейін көбейеді. Сондықтан биыл тозығы жеткен электр жүйелерінің 2% ауыстырылып, ұзындығы 106 шақырым болатын желілер жаңартылған.

Шохан Айдарбек, қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының бөлім басшысы:

- Қалада «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС энергиямен қамтамасыз етумен айналысады. Олардың мәліметіне сәйкес 3 мыңға жуық электр желісі бар. Олардың осы жылғы есебімен 57,3% желі тозған. Инвестициялық бағдарламасы бекітілген. Олар бұл жылдың өзінде 2%-ке тозу деңгейін төмендетті.

Ал газ-техникалық инспекциясында жылыту маусымының соңына дейін үгіт-насихат жұмыстары күшейтілді. Сала мамандары өрт қауіпсіздігінің ережесін түсіндіріп, газдың таралуын алдын алу туралы жадынамалар таратып жүр.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов.