Азғыр өңіріндегі шаруалар: Тапқанымыз қысқы мал азығынан аспайды

Атырау облысына қарасты Азғыр өңірінде бір орама шөптің бағасы 12-13 мың теңге тұрады, деп хабарлайды 24kz.

Тіршілігін малмен түзеген шаруалар: «Шөпті қымбатқа алғанымен, оған субсидия биыл төленбей жатыр», - деп дабыл қаққан еді. Азғыр – Құрманғазы ауданының Ресеймен шектесетін ең шеткі нүктесі. Ол Атыраудан 600, аудан орталығынан 250-300 шақырым шалғайда орналасқан малды өңір. Аудандағы 635 шаруа қожалығының 60% осында орналасқан. Азғырдағы 3 округтің қысқа дайындығы мен шаруалардың шағымын, осы өңірдегі тілшіміз анықтап көрген еді.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Азғыр – ежелден мал бағуға қолайлы мекен. Қиындығы, шабындық ауқымы шектеулі, негізінен жайылымдық жерлер. Соған қарамастан, шаруалар биылғы қысқа барынша дайындалған. Қыстақтарда шөп жеткілікті. Бірақ мал азығын алыстан арбалау қымбатқа түсіп отыр.

Рамазан Қожанов, шаруа қожалығының басшысы:

- 250 рулондай шөп алдым. Енді алдағы уақытта төл алу науқаны келе жатыр. Мартта төлдейді малымыз. Соған барынша дайындығымыз бар. Субсидия мәселесі биыл берілмей қалды Былтыр алып едік субсидияны. Үкімет жанынан төленбей жатыр.

Мереке Мансұров, шаруа қожалығының басшысы:

- Осы жерде ата кәсіпті жандандырып отырғасын Үкіметтен сұрайтынмыз – беріліп отырған субсидия ғой. Субсидия берілсе екен дейміз. Биыл 600-дей рулон дайындадым. 12-13 мыңнан алдық. Тракторымыз бар техникамыз бар оған шабатын жеріміз жоқ. Соған Үкіметтен жер бөлінсе. Ауыл шаруашылығына сондай көмектер болса деген ойдамыз.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Әзірге жер қара, күн жылы болғандықтан малшылар шамалары келгенінше шөпті үнемдеуге тырысуда. Сол себепті төрт түліктің барлығы өрісте. Біз аралап көрген 3 шаруашылықта да негізінен қыстаққа қажетті шөптерін дайындап алған. Бірақ та мемлекеттің қолдауы керек.

Сүйіндік ауылдық округінде 56 шаруа қожалығы бар. Кезінде 100 мың бас қой өсірген 2 асылтұқымды қой зауыты мен 35 мыңнан астам ірі қараға өріс болған өңір мал өсіруге қолайлы. Тек шабындықтың тапшылғынан олар мал азығын көршілес Орал өңірнен сатып алады. Сол үшін де мемлекет қолдауына зәру.

Асқар Мұфтах, Құрманғазы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:

- Былтыр осы округтен 28 шаруа қожалығы 169 млн теңге жаңағы субсдия алды. Соның 121 млны шөпке алынған субсидия. Енді жасыратыны жоқ, мал шаруашылығының өзі субсидиясыз, дотация-көмексіз болмайтыны белгілі. Облыстық АШБ арқылы облыс әкімінің қаулысы дайындалып жатыр. Сол қаулы шыққанан кейін білеміз.

Биыл Құрманғазы ауданындағы 635 шаруашылық өз күшімен 164 мың тонна қысқы мал азығын дайындап алыпты. Бірақ бар табысы төрт түлікке тірелетін шаруалар: «Тапқанымыз қысқы мал азығынан аспайды», - дейді. Ал, қазір осыған байланысты облыс әкімдігі жанынан арнайы комиссия құрылып, жағдайды зерделеуге кірісті.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин