ШҚО-да майлы дақыл мол жиналды

Биыл ШҚО-да күнбағыс бітік шықты. Қамбаға 400 мың тоннадан аса майлы дақыл жиналды.

Диқандар әр гектардан 19 центнер, кей жерлерде 27 центнерге дейін өнім алды. Мамандар экспорт артады деп отыр. Одан қалған өнім де ішкі нарықты толық қамтамасыз етеді.

Биылғы жаз да, күз де дихандарға қолайлы болды. Жалпы 607 мың гектар алқапқа егін егілсе, соның 222 мың гектарына майлы дақыл себілді. Күнбағыс еккен шаруалардың еңбегі еселеп ақталды. Әр гектардан ең көбі 27 центнерден өнім алды. "Бұл - облыс экономикасына үлкен серпіліс беретін көрсеткіш", - дейді мамандар. Өйткені қайта өңделген ауылшаруашылық өнімдерінің экспорты артты.

Ажар Қажыбекова,  облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Республика президенті 70% экспорттау, 70% қайта өңделген өнім болуы керек деген мақсат қойып отыр, соған қол жеткізу үшін біз де айтып жатырмыз. Былтыр бізде 35% болса, биылғы жылы 65%-тен асып қайта өңделген өнімді экспорттап жатырмыз.

Өңделген өнім Қытай, Өзбекстан мен Ресейге экспортқа шығарылады. Жергілікті зауыттармен жалпы 26 млн доллардың келісімшарты жасалды. Ішкі нарық та ұмыт қалмайды. Мынау Өскемендегі ең ірі май зауыты. Тәулігіне 300 тонна тұқым өңдеп,130 тонна май шығарып, жергілікті тұрғындарды отандық өніммен қамтып отыр. 

Татьяна Костина, Май зауытының атқарушы директоры:

- Біз келген дақылды 48 сағат ішінде таза майға айналдырамыз. Дүкен сөрелеріне тура осы қалпында яғни май қышқылданбай тұрып жеткізу үшін бар күшімізді саламыз. Өйткені негізгі тұтунышларымыз - жергілікті тұрғындар.

Өңірде май өңдейтін 12 зауыт бар. Өндіріс өкілдерінің айтуынша, күнбағыс қанша көп шықса да, шикізат бағасында өзгеріс жоқ. Мұны жергілікті жұрт та байқапты. Қазір күнбағыс майының бір литрі шамамен 700-885 теңге аралығында сатылып жатыр. Ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері мол өнімнің тиімді әсері алдағы уақытта байқалады деп сендірді. Яғни көпшілік тұтынатын май бағасы арзандауы әбден мүмкін.